«Кешірім сұрауға келдім»: ҚазҰУ-да көз жұмған студенттің жерлеуіне бұрынғы деканы да барған
Ол қайғылы жағдайға байланысты пікір білдіруден бас тартты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көз жұмған 17 жастағы Дауыл Бәкіртайдың жерлеу рәсіміне өзі оқыған факультеттің бұрынғы деканы да келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасай отырып.
Дауыл Бәкіртайды ақтық сапарға шығарып салу үшін Түркістан облысының Төле би ауданына университет өкілдері де барған. Олардың арасында марқұм білім алған факультеттің экс-деканы болған. Ол қайғылы жағдайға байланысты пікір білдіруден бас тартты. Сұрақтарға университет ресми жауап беретінін жеткізді.
Тілші одан марқұмның жақындарынан кешірім сұрауға келген-келмегенін нақтылады.
«Сіз тек кешірім сұрауға келдіңіз бе?» деген сұраққа экс-декан: «Иә, кешірім сұрауға келдім» деп жауап берді.
Айта кетейік, 17 жастағы Дауыл Бәкіртай әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де оқыған. 16 қараша күні оны жатақханада екінші курстың сегіз студенті соққыға жығып, өкінішке қарай, жасөспірім көз жұмды.
Қайғыдан қан жұтқан отбасы кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етіп отыр. Олар университеттегі студенттер арасындағы әлімжеттікке қатысты жағдай толық тексеріліп, істің Бас прокуратураның бақылауына алынғанын қалайды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, марқұмның анасы Сәуле Ордабаева жатақханада төменгі курс студенттеріне әлімжеттік жасалып, ақша жиналғанын мәлімдеді.
