ЖИ арқылы жасалатын алаяқтық: Бас прокуратура азаматтарға ескерту жасады
Құқық қорғау органдары азаматтарды интернеттегі алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы жаңа киберқылмыс түрінің таралуы туралы қатаң ескерту жасады. Алаяқтар азаматтарды алдау үшін жасанды интеллект қызметтерін пайдалануда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қылмыскерлер әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде шаш қиюды, макияж бен түрлі стильдерді таңдауға, сондай-ақ фотосурет бойынша жеке образ жасауға арналған «тегін ЖИ-сервистер» түріндегі зиянды қосымшаларды ұсынып жатыр.
Алаяқтар пайдаланушыларға белгілі бір қызметті алуды ұсынып, арнайы сілтеме арқылы өтіп, қосымшаны жүктеп алуға шақырады. Алайда уәде етілген сервистің орнына смартфонға құрылғыны қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін зиянды бағдарлама орнатылады.
Бағдарлама іске қосылғаннан кейін алаяқтар смартфонды толық бақылауға алып, ондағы жеке ақпаратқа қол жеткізе алады. Әсіресе банктік қосымшалар мен қаржылық сервистерге кіру арқылы шоттағы ақшаны иемдену қаупі бар.
Кибералаяқтардан қалай қорғануға болады?
Құқық қорғау органдары азаматтарды интернеттегі алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады. Ол үшін қосымшаларды тек Google Play және App Store секілді ресми дүкендерден жүктеу қажет. Сондай-ақ күмәнді жарнамалар мен белгісіз сілтемелерге өтпеу, қосымшаның атауын, әзірлеушісін және пайдаланушылардың пікірлерін тексеру ұсынылады.
Бұдан бөлек, белгісіз сервистерге банк картасының деректерін, құпия сөздер мен SMS-кодтарды енгізуге болмайды. Смартфонның операциялық жүйесін уақытылы жаңартып, антивирустық қорғаныс құралдарын пайдалану да маңызды.
«Есіңізде болсын: қосымшаны орнату алдында оның жүктелу көзінің сенімділігіне көз жеткізіңіз. Алаяқтардың сіздің сырт келбетіңізге жалған қамқорлық жасау арқылы смартфоныңызға қол жеткізуіне жол бермеңіз», – деді Бас прокуратура өкілдері.
