Тоқаев «Әлемнің ең ықпалды 500 мұсылманы» тізіміне енді

2027 жылғы рейтингтің тағы бір ерекшелігі – алғаш рет бірінші орынды бес көшбасшы өзара бөлісті

Тоқаев «Әлемнің ең ықпалды 500 мұсылманы» тізіміне енді
Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Токаев беделді «The Muslim 500» («Әлемнің ең ықпалды 500 мұсылманы») жыл сайынғы халықаралық рейтингіне енді. Мемлекет басшысы 2027 жылғы шығарылымда «Саясат» санатында ұсынылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Аталған тізімді Иорданияда орналасқан Корольдік ислам стратегиялық зерттеулер орталығы (The Royal Islamic Strategic Studies Centre) жыл сайын жариялайды. Басылым авторлары Қазақстандағы саяси өзгерістерге, әсіресе 2022 жылғы ауқымды реформаларға ерекше тоқталған.

2022 жылғы маусымда өткен республикалық референдум нәтижесінде Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізілді. Реформалар аясында президенттік өкілеттіктер шектелді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметшілер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарын атқаруға заң жүзінде тыйым салынды.

2022 жылғы 20 қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың 81,31 пайыз дауысын жинады. Ол Конституцияға енгізілген жаңа нормаға сәйкес бір реттік жеті жылдық мерзімге сайланды.

The Muslim 500 жобасы дүние жүзіндегі мұсылман қауымдастығына елеулі ықпал ететін тұлғаларды саралайды. 2027 жылғы рейтингтің тағы бір ерекшелігі – алғаш рет бірінші орынды бес көшбасшы өзара бөлісті.

Басылым сондай-ақ Қазақстанның халықаралық деңгейдегі конфессияаралық диалогты дамытуға қосқан үлесін атап өтеді. Атап айтқанда, Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі мен мұсылман әлемімен байланысты нығайту бағытындағы маңызды кездесулер ерекше назарға алынды.