Қазақстан құрылыс саласындағы цифрлық шешімдерді BRICS форумында таныстырды

Ауқымды форумға Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков бастаған қазақстандық делегация қатысты

Қазақстан құрылыс саласындағы цифрлық шешімдерді BRICS форумында таныстырды
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Татарстанның Қазан қаласындағы «Қазан ЭКСПО» халықаралық көрме орталығында BRICS халықаралық құрылыс апталығы өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған сала мамандары құрылыс индустриясы мен тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ауқымды форумға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков бастаған қазақстандық делегация қатысты.

Сапар аясында Татарстан Республикасының Құрылыс министрлігі басшылығымен екіжақты кездесу өтті. Онда құрылысты мемлекеттік реттеу және коммуналдық жүйелерді жаңғырту тәжірибесі талқыланды.

Сонымен қатар «Мемсараптама» РМК өкілі Саламат Серікқалиев мемлекеттік сараптама саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын енгізу перспективалары туралы баяндама жасады.

Форумның пленарлық отырысында халықаралық сарапшылар құрылыс процестерінің тиімділігін арттыру, озық тәжірибелермен алмасу және саланы орнықты дамыту мәселелерін қарастырды. Қазақстандық делегацияның қатысуы отандық мамандарға халықаралық кәсіби байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.