Қарағандыда қылмыстық топ есірткіге ұқсас әсері бар дәрілерді өндіріп, 580 млн теңге тапқан
Олардың бүгінге дейінгі жинаған бар мүлкі тәркіленді
Қарағандыда қылмыстық топ есірткіге пара-пар психотропты заттардың аналогтарын сатып, 580 млн теңге тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олар бірнеше жыл бойы психотропты заттардың аналогтарын заңсыз өндіріп келген. 3 қараша күні қылмыстық топ құрамында болған 5 қылмыскерге үкім шықты.
Сотта қылмыстық топқа 2022-2024 жылдары Қарағанды мен Алматы облыстарының аумағында екі адам басшылық еткені айтылды. Олар жымысқы ойларын іске асыру үшін есірткі зертханаларын ашып, прекурсорлар мен қажетті жабдықтар сатып алған. Өзара міндеттері мен рөлдерін бөлген соң ортадан ақша шығарып, заңсыз ісін бастаған.
Олар миллиондаған табыс табу үшін қылмыстық топтың жұмысын жүйелеп, нақты бір құрылым қалыптастырған. Осы жолда тапқан табыстарына 580 млн теңгеден асатын мүлік сатып алған.
«Сот процесінде қатысушылардың жауаптары, сарапшылардың қорытындылары, қаржылық құжаттар мен іс бойынша жинақталған басқа да дәлелдемелер мұқият зерделеніп, оларға баға берілді. Нәтижесінде бес сотталушының да кінәсі дәлелденіп, заңды түрде мүлкі тәркіленді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Алайда олардың қандай мерзімге сотталғаны әзірге белгісіз.