Сильвестр Сталлоне, Джеки Чан: Қазақстанда тағы қандай жұлдыздар кино түсіруге келмекші
Қазір актермен келіссөз жүріп жатыр
Қазақстанға келесі жылы Голливуд жұлдызы Сильвестр Сталлоне келіп, фильм түсіруі мүмкін. Қазір актермен келіссөз жүріп жатыр. Ал Джеки Чан Қазақстанмен бірлесіп мультфильм түсіруге және сериал жасауға ниетті. Бұл туралы Dala Edge Creative Tech Park креативті индустриялар паркінің бас директоры Мақсат Қиқымов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір Сильвестр Сталлоне түсірілім алаңын іздеп жатыр. Актердің «Рокки» фильмінің келесі бөлімдерін түсіру жоспары бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, қазақстандық тарап Голливуд жұлдызын елімізге шақыруға ұсыныс жасаған.
«Қазір мен Сильвестр Сталлонемен келіссөз жүргізіп жатырмын. Ол «Рокки» фильмінің келесі сегізінші-тоғызыншы бөлімдеріне түсірілім алаңын іздеп жатыр екен. Біз оған Қазақстанға келуді ұсынып отырмыз. Бәрін түсіріп береміз, қажетті жағдайдың бәрі бар. Бастысы, ынта болса болды», – деді Мақсат Какимов.
Қазақстан бұған дейін де әлемдік кино жұлдыздарының назарын аударуға кіріскен. Соның бірі – Джеки Чанның қатысуымен түсірілген «Құдайдың сауыты» фильмінің жаңа бөлімі. Жобаға қазақстандық «Salem» компаниясы серіктес болған. Түсірілім жұмыстары елімізде үш айға созылған. Қазір фильм монтаждалып жатыр, ал келесі жылдың наурыз айында прокатқа шығуы жоспарланған.
Мақсат Қиқымовтың сөзінше, Джеки Чанмен жұмыс мұнымен шектелмейді. Қазақстандық тарап актермен тағы бір мультфильм және сериал түсіру жөнінде келіссөз жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, Джеки Чанның каскадерлік мектебін Алматыға әкелу мәселесі де қарастырылып жатыр.
«Біз Джеки Чанның бір ғана «Құдайдың сауыты» жобасымен тоқтамаймыз. Онымен тағы бір мультфильм және сериал түсіреміз деген жоспарымыз бар. Оның үстіне, Джеки Чанның жеке каскадерлік мектебі бар. Ол осы мектебін Алматыға алып келгісі келеді. Қазір осы бағыттағы келіссөздерді жалғастырып жатырмыз. Джеки Чан Қазақстанда болған кезінде «көптеген елде болдым, бірақ Қазақстандағыдай кино павильон көрмеппін» деп айтты», – деді парк басшысы.
Мақсат Қиқымовтың айтуынша, бастапқыда Джеки Чанның фильмін түсіру үшін шетелдік кино павильондарын пайдалану жоспарланған. Алайда қазақстандық тарап түсірілім алаңын өз елінде салу туралы шешім қабылдаған. Нәтижесінде небәрі төрт айдың ішінде жаңа кино павильон бой көтерген.
«Джеки Чанның киносын түсіру кезінде бастапқыда «Мост» фильмінің кино павильонында жұмыс істейміз деп жоспарлағанбыз. Бірақ өзіміздің намысымызға тиіп, неге басқа елге баруымыз керек, неге өз павильонымызды салмаймыз деген шешімге келдік. Сөйтіп, төрт айдың ішінде кино павильон салып бітірдік. Джеки Чанның командасы бір ай бойы сол жерде фильм түсірді», – деді ол.
Қазір бұл павильон тек кино өндірісіне ғана емес, концерттер, түрлі шоу мен спорттық бағдарламаларды түсіруге де пайдаланылып жатыр.
«Әлемдік продюсерлер Қазақстанға келіп кино түсіргісі келеді»
Парк басшысының айтуынша, Қазақстанға шетелдік продюсерлердің қызығушылығы артып келеді. Бұған еліміздегі түсірілім құнының салыстырмалы түрде арзан болуы да әсер етіп отыр.
«Әлемдік продюсерлер Қазақстанға келіп кино түсіруге кеңес беріп жатыр. Өйткені мұнда түсірілім АҚШ-пен салыстырғанда он есе, Қытаймен салыстырғанда бес есе арзанға түседі», – деді Мақсат Қиқымов.
Қазақстан кинотуризмді дамытуды көздейді
Dala Edge Creative Tech Park басшысы жаңа кино жобалары арқылы Қазақстанда кинотуризмді дамытуды көздеп отырғанын да айтты. Оның сөзінше, әлемдік прокатқа шыққан фильмдер арқылы шетелдік көрермендер Қазақстанның табиғаты мен түсірілім алаңдарын танып, кейін сол жерлерді көруге арнайы келуі мүмкін.
Мұндай тәжірибе әлемнің басқа елдерінде де бар.
«Біздің мақсатымыз – кинотуризмді дамыту. Фильм АҚШ-та, ТМД елдерінде және Қытайда көрсетілгеннен кейін оны көрген адамдар түсірілім өткен жерлерді өз көзімен көруге келуі мүмкін. Жаңа Зеландияда «Властелин колец» фильмінен кейін туристік серпіліс болды. Біз де Қазақстанда осындай жағдай қалыптастырғымыз келеді», – деді ол.
Мақсат Қиқымовтың айтуынша, осы мақсатта 20 гектар аумақта креативті парк салынып жатыр. Оның алғашқы резиденті ретінде әлемге танымал New York Film Academy таңдалған. Академияның бөлімшелері Нью-Йорк пен Лос-Анджелесте жұмыс істейді, ал Қазақстандағы орталығы Қаскелеңде ашылған.
Осылайша, Қазақстан әлемдік кино жұлдыздарын шақырумен ғана шектелмей, шетелдік түсірілім топтарын қабылдайтын инфрақұрылым қалыптастыруға кіріскен. Ал Сильвестр Сталлоне мен Джеки Чанмен жоспарланып отырған жобалар жүзеге асса, бұл отандық киноиндустрияның халықаралық деңгейге шығуына жаңа мүмкіндік ашуы мүмкін.