Олар «Әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту» цифрлық сервисін қолданған
Қазақстанда 700-ден астам адам мемлекет беретін әлеуметтік төлемдерден бас тартқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еңбек министрлігінің мәліметінше, биыл қазан айында қолданысқа енген «Әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту» цифрлық сервисі арқылы 729 адам мемлекет беретін ақшадан бас тартқан.
«Бұл – әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдағы өзара ынтымақтастық қағидаттарының көрінісі, яғни өзін және отбасын өз бетінше қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтар мемлекеттік көмектен саналы түрде бас тартуды жөн көрген», – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетерлігі, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік жәрдемақының 36 түрінің 12-сі бойынша көмек көрсету тәртібі өзгереді. Енді мемлекеттен берілетін көмек нақты мұқтаж азаматтарға ғана атаулылық қағидаты бойынша беріледі.
«Әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту» қызметі eGov Mobile қосымшасына енгізілген. Оның көмегімен жәрдемақы алушылар мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ, кейбір әлеуметтік қолдау түрлерін алудан бас тарту туралы электрондық өтініш жолдай алады.
«Мұндай шешім қабылдау ешкімге міндеттелмейді. Әлеуметтік төлемдерден бас тарту – әр адамның өз еркі. Бұл қызмет негізінен табысы жоғары, материалдық жағдайы жақсы және отбасын өз ақшасымен қамтамасыз ете алатын азаматтарға арналған. Егер кейін азаматтың тұрмыс жағдайы өзгерсе, ол мемлекеттік көмекті қайта тағайындауды сұрап өтініш бере алады. Мұндай өтініштер заңда белгіленген тәртіппен қаралады», – делінген Еңбек министрлігінің хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін 2027 жылы жәрдемақы жүйесі өзгеретіні айтылып, экономист әлеуметтік көмекті қысқартудың себептерін тізбектеп шыққан. Ал Ақмола облысында көпбалалы отбасы ең алғашқы болып өз еркімен жәрдемақыдан бас тартқан. Қазан айының ортасында мемлекеттік көмектен 200-ден астам адам бас тартқан