Қазақстанда 200-ден астам азамат мемлекеттік жәрдемақылардан бас тартты

Бұл бастама ел өңірлерінде біртіндеп қолдау тауып келеді

Қазақстанда 200-ден астам азамат мемлекеттік жәрдемақылардан бас тартты
Фото: © istockphoto.com

Қазақстанда әлеуметтік жағдайы жақсарған екі жүзден астам азамат кейбір мемлекеттік жәрдемақыларды алуды өз еркімен тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл бастама ел өңірлерінде біртіндеп қолдау тауып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өз тұрмыстық жағдайын бағалап, отбасын дербес қамтамасыз ете алатынына көз жеткізген азаматтар осындай қадамға барған. Олар мемлекеттік қолдаудан мүлде бас тартпайды, тек өздеріне тиесілі төлемді тоқтатып, бұл қаражаттың бүгінгі таңда шын мұқтаж отбасыларғажетуін қалайды. Шешім қабылдағандардың арасында кәсіпкерлер мен көпбалалы ата-аналар бар. Төлемдерден бас тарту рәсімі SMS-хабарламаға жауап беру арқылы жүзеге асырылуда.

Бұған дейін Отбасының цифрлық картасындағы деректер негізінде әлеуметтік жағдайы жоғары А санатына жататын отбасыларға тиісті хабарламалар жіберілген болатын.

Азаматтардың бұл санаттағы төлемдері 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін, яғни әлеуметтік қолдаудың жаңа тәртібі күшіне енгенге дейін тоқтатылады.

Ақтөбе қаласының тұрғыны, алты баланың анасы әрі кәсіпкер Қалауша Садықова бұл шешімнің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, кәсібін бастаған кезде мемлекеттік қолдау үлкен септігін тигізген.

«Қазір кәсібім дамып, отбасымды өзім қамтамасыз ете аламын. Сондықтан көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыдан өз еркіммен бас тарту туралы шешім қабылдадым», – дейді ол.

Мамандар SMS-хабарлама алу жәрдемақының міндетті түрде тоқтатылатынын білдірмейтінін, мұны әр азаматтың өз еркімен шешетінін ескертеді. Заңда көзделген құқығын сақтағысы келгендер мемлекеттік қолдауды бұрынғыдай ала береді.