«Кітап оқитын ұлт»: Мәдениет министрлігі PARAQTA онлайн кітапханасына қолдау көрсетеді
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев PARAQTA платформасын құрушылармен кездесіп, кітап қорын толықтыру және жастарды оқуға тарту мәселелерін талқылады
Қазақстандық PARAQTA онлайн кітапханасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауына ие болады. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев отандық онлайн кітапхананы құрушылармен кездесті. Тараптар жоба жұмысын дамыту, кітап қорын толықтыру және жастарды кітап оқуға тарту жолдарын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоға сілтеме жасап.
Жоба авторларының айтуынша, кездесуге министрдің әлеуметтік желілердегі платформа туралы жазбаларды көруі себеп болған. Әңгіме барысында Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі бастамалары аясында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Кездесуде «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық марафонына ерекше назар аударылды. PARAQTA авторларының мәліметінше, reading-nation.kz платформасына 1,4 миллионнан астам қатысушы тіркеліп, 842 мыңнан астам кітап оқылған. Сонымен қатар пайдаланушылар оқыған кітаптары туралы 50 мыңнан астам бейнепікір жариялаған.
Министр PARAQTA қосымшасының жұмысымен де танысып, оқырмандардың белсенділігіне қызығушылық білдірді. Сондай-ақ жобаны одан әрі дамыту және жастарды кітап оқуға көбірек тарту үшін қандай қолдау қажет екенін сұрады.
PARAQTA – кітапты бастап қана қоймай, соңына дейін оқып шығуға көмектесетін қазақстандық платформа. Мұнда электронды кітаптармен қатар қағаз кітап оқу да есепке алынады. Жоба авторларының мәліметінше, бүгінде платформаға 15 186 оқырман тіркелген. Олар жалпы 1,2 миллион бет оқып, 10 738 кітапты соңына дейін аяқтаған. Сонымен қатар платформа аясында 180 кітап клубы жұмыс істейді.
Жобаның жұмыс істеп келе жатқанына 1 жыл 2 ай болды. Платформаның сайты алты ай бұрын іске қосылса, мобильді қосымшасы екі апта бұрын App Store дүкенінде қолжетімді болды.
Жоба авторларының айтуынша, қазір басты қажеттіліктердің бірі – кітап қорын толықтыру. Бүгінде платформада авторлық құқық мерзімі аяқталып, қоғамдық игілікке өткен 150-ге жуық кітап тегін ұсынылады. Алайда оқырмандар қосымшаның өзінде оқуға болатын кітаптар санын көбейтуді жиі сұрайды.
Кездесу барысында министрлік өкілдері кітап қорын заңды негізде толықтыруға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ офлайн кездесулер мен бірлескен іс-шаралар өткізуге арналған алаң қарастыру мәселесі талқыланды.