Қатарластарын қорқытып, телефонын тартып алған: Ақтөбеде екі бозбала 7 жылға сотталуы мүмкін

Екі жасөспірім колледждердің бірінде оқиды

Қатарластарын қорқытып, телефонын тартып алған: Ақтөбеде екі бозбала 7 жылға сотталуы мүмкін
Фото: Ақтөбе облысы ПД/Видеодан скрин

Ақтөбеде 16 жастағы екі жасөспірім қатарластарын қорқытып, телефондары мен курткасын тартып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, олар орталық саябақта серуендеп жүрген екі бозбаланы қорқытып, тонап кеткен.

Полиция іздеу барысында күдікті жасөспірімдерді алысқа ұзатпай қолға түсірді. Олар Ақтөбе қаласының 16 жастағы тұрғындары болып шықты. Екеуі де жергілікті колледждердің бірінде оқиды.

«Жасөспірімдер өз қылмысын мойындады. Олардан тоналған заттар толық тәркіленді. Қазіргі уақытта тонау ісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», – делінген ПД хабарламасында.

Полиция қылмыстық заңға сәйкес, мұндай жағдайда мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру көзделгенін мәлім етті.