Асқарбек Ертаев статистика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады
1920 жылғы 8 қарашада Қазақ АКСР-інде статистика қызметінің негізі қаланған болатын
1920 жылғы 8 қарашада Қазақ АКСР-інде статистика қызметінің негізі қаланған болатын. Осы айтулы күнге орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев еліміздің статистика саласының қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министр өз құттықтауында бұл саланың мемлекет үшін айрықша маңызы бар екенін атап өтті.
«Статистикалық көрсеткіштер елдегі ахуалды бағалауға, халықтың тұрмыс деңгейін саралауға және алдағы міндеттерді айқындауға мүмкіндік береді. Әрбір санның артында азаматтардың жұмыспен қамтылуы, табысы мен әлеуметтік жағдайына қатысты нақты ақпарат тұр. Осындай деректердің дәл әрі шынайы болуын қамтамасыз ету – сіздердің күнделікті атқарып жүрген жауапты жұмыстарыңыздың нәтижесі», — деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев бұл саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда статистикалық мәліметтердің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, нақты көрсеткіштер еңбек нарығындағы ахуалды, халықтың табысы мен жұмыспен қамту деңгейін талдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл деректер әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтарды анықтауға және мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалауға негіз болады. Қазіргі уақытта ақпарат алмасу мен мәліметтерді өңдеу үдерістері автоматтандырылып, саладағы жұмыстарды цифрландыру жалғасып жатыр.
Сөз соңында министр сала ардагерлері мен қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық және жауапты қызметтеріне толағай жетістіктер тіледі.