Еліміздің бірнеше қаласында ауа сапасы нашарлайды

2026 жылғы 8 қарашада Қазақстанның бірқатар ірі қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайлар байқалады

Еліміздің бірнеше қаласында ауа сапасы нашарлайды
Фото: © istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК мамандарының мәліметінше, 2026 жылғы 8 қарашада Қазақстанның бірқатар ірі қаласында атмосфералық ауаның ластануына әсер ететін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар байқалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Синоптиктердің болжамынша, Павлодар, Алматы және Талдықорған қалаларында күндіз және тәулік бойы ауа сапасы нашарлайды. Ал Ақтөбе, Астана және Көкшетау қалаларында ауаның ластануы түнгі және таңғы уақытта тіркеледі.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.

Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:

1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.

2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.

3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.