Тау-кен компанияларының жұмысына не кедергі: «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі өзекті мәселелерді талқылады
Басқосуға салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Құрылтай депутаттары қатысты
Елімізде тау-кен компанияларының тұрақты жұмыс істеуі үшін қандай жағдай жасау қажет? Шикізат қорларын игеруді қалай оңайлатуға болады? Өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу көлемін қалай арттыруға болады? Міне, осындай маңызды мәселелер «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі жанындағы Тау-кен металлургия кешені мәселелері жөніндегі салалық кеңестің алғашқы отырысында талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Басқосуға салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ Құрылтай депутаттары қатысты.
Мемлекет басшысы жолдауында өнеркәсіптің әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және Қазақстанда өндірілген шикізатты терең өңдеуді дамыту міндеттерін қойды. Ал бұл жоспарларды орындау үшін өндіріс орындарының жұмысына кедергі келтіріп отырған заңдар мен әкімшілік талаптарды алып тастау қажет.
«Әділет» партиясы таратқан мәліметке сүйенсек, салалық кеңес төрағасы Николай Радостовец тау-кен металлургия саласының ел экономикасы үшін маңызы артып келе жатқанына тоқталды. Оның сөзінше, бұл бағытта геологиялық барлау жұмысын дамыту, көмір өнеркәсібін өркендету және инвестиция көлемін көбейту маңызды. Сондай-ақ шикізатты ел ішінде терең өңдеуге, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға және түсті әрі сирек жер металдарын өндіруге қажетті ресурс базасын толықтыруға басымдық берілуі керек.
Оның пікірінше, саланың дамуына жол ашу үшін салық жүйесін қайта қарап, кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік салмақты азайту қажет және заң талаптары жиі өзгермеуі тиіс. Кеңес осы мәселелерді шешуге атсалысады. Оның құрамына бизнес өкілдері, мемлекеттік органдардың мамандары мен депутаттар кіріп, саланың өзекті мәселелерін талқылап, оларды шешуге арналған заңнамалық ұсыныстар дайындайды.

«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев те өз сөзінде кеңес жұмысы нақты өзгерістерге негіз болуы тиіс екенін айтты.
«Біздің міндетіміз – Құрылтай депутаттары мен мемлекеттік органдардың мүмкіндіктерін пайдаланып, партия алаңында бизнес қауымдастықтары және сала мамандарымен бірге кәсіпкерлік пен экономикадағы түйткілді мәселелерді талқылау. Егер қандай да бір мәселе салалық кеңес деңгейінде шешілмесе, Айбек Дәдебайдың қатысуымен өтетін Іскерлік кеңес отырысында қаралады. Ең бастысы, тараптардың мүддесін ескеріп, өзара тиімді шешімге келу қажет», – деді Эльдар Жұмағазиев.
Жиында тау-кен өндіруші кәсіпорындарға салынатын салық мәселесі де талқыға түсті. Қазақстан тау-кен палатасының президенті Руслан Баймишев инвесторлар жобаны қолға алмай тұрып, қандай салық төлейтінін нақты білуі керектігін жеткізді. Сала өкілдері роялти мөлшерін белгілеу кезінде кәсіпорынның қаржылық жағдайы мен шикізатты өндіру және өңдеу ерекшеліктерін ескеру қажет деп санайды.
Мемлекеттік органдардың өкілдері компаниялар салық төлеуден жалтармауы керектігін атап өтті. Олардың айтуынша, салық есебі ашық жүргізіліп, кәсіпорындар өзара байланысты компаниялар мен трансферттік баға белгілеу тетіктерін салықтан жалтару үшін қолданбауы тиіс.
Кездесуде мемлекет пен кәсіпкерлердің мүддесін қатар ескеретін шешімдер де қаралды. Роялтиді қолдану мерзімі 2029 жылдың 1 қаңтарына дейін шегерілген. Ал салық заңнамасына қатысты өзгерістерді әзірлеу жұмысы 2027 жылдың соңына дейін аяқталмақ.


Талқыланған тағы бір мәселе – тау-кен жобаларына қажетті жер учаскелерін алу. Кен орнын игеруге лицензия болғанның өзінде құқықты рәсімдеу мен құжаттарды келісу жұмыс бастау уақытын созып жіберуі мүмкін. Николай Радостовец инвесторлар жекеменшік жер иелерімен келіссөз жүргізу кезінде жиі қиындыққа тап болатынын да айтты. Соның салдарынан перспективалы жобалар кешігіп, тіпті іске аспай қалуы мүмкін.
Осы себепті сала өкілдері жер рәсімдеу тәртібін оңайлатуды, өтінімдерді қарау мерзімін нақты белгілеуді және инвестициялық жобалар үшін жерді қайтарып алған жағдайда меншік иелеріне өтемақы төлеу тәртібін көрсетуді сұрады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов министрлік сала өкілдерімен бірлесіп, қажетті заңнамалық өзгерістерді қарастыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ ол ұсынылатын түзетулердің құқықтық және бюджетке әсері қаралатынын да айтты.
Қатысушылар Су кодексіндегі нормалар мен олардың өнеркәсіп жұмысына әсерін де қарастырды. Мәселен, қолданыстағы су нысандарына қатысты талаптар Павлодар алюминий зауытының дамуын шектеп отырған көрінеді.
Мемлекеттік орган өкілдері су ресурстарын сақтау басты басымдық болып қала беретінін, сонымен бірге заңнама стратегиялық өндірістердің ерекшелігін ескеруі керектігін атап өтті. Қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, сараланған тәсіл әзірленіп жатыр. Ол су объектісінің жай-күйін, кен орнының маңызын және тау-кен жұмыстарының экологиялық тәуекелдерін ескеруге мүмкіндік береді. Осылайша, табиғатты қорғау талаптарын сақтай отырып, маңызды инвестициялық жобаларды іске асыруға жол ашылады.
Осы жұмыстағы тағы бір маңызды бағыт – техногендік минералдық түзілімдерді (ТМТ) қайтадан шаруашылық айналымына қосу. Бұл жердегі мәселе күл мен қож туралы болып отыр. Қазір олардың басым бөлігі кәдеге жаратылмайды, ал оларды екінші реттік шикізат ретінде қолдануға болады.
Қайта өңдеуді дамыту үшін сала өкілдері кәсіпорындардың ТМТ-ға меншік құқығын заң жүзінде бекітуді, оларды қайта өңдегені үшін қосымша салық төлемеу тәртібін енгізуді және өңдеуші компанияларға беруді жеңілдетуді ұсынып отыр. Сонымен қатар бұрыннан жиналған өндірістік қалдық үйінділерін тазарту және жерді қалпына келтіру мәселелері де талқыланды.
«Өндірістік қалдықтар шығын емес, қайта айналымға қосылатын құнды ресурсқа айналуы керек», – деді Николай Радостовец.
Партияның Іскерлік кеңесі ұсынған бастамалардың бір бөлігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жанындағы жұмыс тобының алдын ала қолдауына ие болды. Олардың қатарында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске, Су және Жер кодекстеріне енгізілетін түзетулер бар. Қалған ұсыныстар сарапшылардың қатысуымен қосымша пысықталады.

«Әділет» партиясының депутаты Вадим Басин депутаттық топтың салалық заңнаманы жетілдіруге қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Отырыс қорытындысында қатысушылар әр бағыт бойынша бизнес, министрліктер мен салалық қауымдастықтар өкілдері кіретін жұмыс топтарын құруға келісті.