Дәрігер еңбегі, ауыл болашағы және саналы таңдау: Дина Жоламан Жақсы ауданының медицина қызметкерлерімен кездесті
Жақсы аудандық ауруханасында медицина қызметкерлерімен кездесу өтті
Медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы, ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігі және тұрғындардың әл-ауқаты. «Әділет» партиясынан Ақмола облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер Дина Жоламанның Жақсы аудандық ауруханасының ұжымымен кездесуінде осы мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақмола облысында сайлауалды үгіт-насихат науқаны жалғасып жатыр. Кандидаттар қалалар мен ауылдарда тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстыруда. Жүздесулерде Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттер мен оларды өңірде жүзеге асыру жолдары да сөз болды.
Жақсы аудандық ауруханасында өткен кездесуде медицина қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді. Әңгіме денсаулық сақтау саласымен қатар, ауданның әлеуметтік мәселелерін де қамтыды.
Дина Жоламан үшін бұл өңірдің орны бөлек. Жақсыда спортшы ретінде қалыптасып, бокстан әлем чемпионы атанған ол халықаралық жарыстарда Қазақстанның абыройын асқақтатты. Бүгінде ауданның мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебін басқарып, жас спортшыларды тәрбиелеуге үлес қосып келеді. Оның туған өлкеге деген жанашырлығы жергілікті балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау ісімен сабақтасып отыр.
Кездесуде дәрігерлер мен мейіргерлердің еңбегін қолдау мәселесіне ерекше мән берілді. Күн сайын адам денсаулығына жауап беретін мамандарға қолайлы жұмыс ортасы, лайықты еңбекақы және кәсіби дамуға мүмкіндік қажет.
Президент Жолдауында алғашқы медициналық-санитариялық көмекті күшейтуді, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейтуді және қаржыландыруды кезең-кезеңімен арттыруды тапсырды. Сондай-ақ жаңа перинаталдық орталықтар мен балалар ауруханаларын салу міндетін қойды.

«Құрметті жерлестер! Жақсы ауданының тыныс-тіршілігі, тұрғындарды толғандыратын мәселелер бәрімізге таныс. Президент Жолдауында жол, медицина, таза ауызсу және халықтың тұрмыс сапасына қатысты нақты міндеттер белгіленді. Мен осы бағыттарда жұмыс істеуге ниеттімін. Әсіресе, адам денсаулығына жауапты мамандардың еңбегін қолдау маңызды. Мемлекет басшысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап алғашқы медициналық-санитариялық көмектің учаскелік қызметі мамандарының жалақысын үздіксіз еңбек өтілі үшін 40 пайызға дейін арттыруды тапсырды. Осындай бастамалардың жергілікті жерде орындалуы назарда болуы керек. Сіздер аудан өміріне белсенді араласып, тұрғындардың жағдайын күнделікті жұмыстарыңыздан көріп жүрсіздер. Сайлауда әрқайсыңыз өз таңдауыңызды жасайсыздар. Ең бастысы, ел болашағына қатысты шешімнен шет қалмай, дауыс беруге саналы түрде қатысу», - деді Дина Жоламан.

Кездесу медицина қызметкерлерінің ұсыныстарын тыңдап, ауданға ортақ міндеттерді талқылауға мүмкіндік берді. Адам өміріне араша түсіп жүрген мамандардың қоғамдық белсенділігі де маңызды. Олардың сайлауға қатысып, бағдарламаларды саралап, саналы таңдау жасауы ауданның алдағы дамуына ықпал етеді.
Дайындаған «Әділет» партиясының Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметі. Тапсырыс беруші: Беспалинов Б.М.
Ақмола облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді