Президент Жолдауы: Қостанайда «Qaz Talks» диалог алаңында жан-жақты талқылау өтті

Жастар сарайына жиналған қауым пікірлерін айтты

Президент Жолдауы: Қостанайда «Qaz Talks» диалог алаңында жан-жақты талқылау өтті
Фото: Қостанай облысының әкімдігі

Қостанай қаласындағы Жастар сарайында президенттің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауына арналған «Qaz Talks» диалог алаңы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қостанай облысының әкімдігіне сілтеме жасай отырып.

Кездесу барысында Жолдаудың негізгі бағыттары талқыланып, реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету, экономиканы дамыту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, азаматтық қоғамның рөлін арттыру және этносаралық келісімді нығайту мәселелері бойынша ақпарат талқыланды.

«Алғашқы болып сөз алған Екатерина Смышляева елдегі ауқымды өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Ол стратегиялық міндеттерді іске асыруда заманауи талаптарға сай келетін берік құқықтық негіз қалыптастырудың маңызын атап өтті», - деп хабарлайды Қостанай облысының әкімдігі.

Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев болса Жолдаудағы экономикалық өсімнің міндеттері халық табысының артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өмір сүру сапасының жақсаруына ықпал ету керек екенін атап өтті.

Іс-шара соңында қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша қосымша ақпараттар алды.

«Qaz Talks» диалог алаңы Жолдаудың басым бағыттарын кеңінен түсіндіруге, қоғам өкілдерінің сұрақтарына жауап беруге және мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.

Кездесуге мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мәдениет пен спорт, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Диалог алаңының спикерлері қатарында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смышляева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Төлеген Күнәділов пен Рафаил Гаджибалаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб болды.