«Суық тиюден басталуы мүмкін»: дәрігерлер қазақстандықтарға қауіпті инфекция туралы ескерту жасады

Науқаспен байланыста болғандар 10 күн медициналық бақылауда болуы керек

«Суық тиюден басталуы мүмкін»: дәрігерлер қазақстандықтарға қауіпті инфекция туралы ескерту жасады
Фото: istockphoto.com

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қазақстандықтарға менингококк инфекциясының алдын алу бойынша ұсыныстар әзірледі,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Менингококк инфекциясы – жедел менингит (ми қабықтарының қабынуы), менингококк сепсисі (қанның инфекциялануы), кейде назофарингит (мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабығының қабынуы) түрінде көрінуі мүмкін жұқпалы ауру.

Белгілері

Алғашында кәдімгі суық тиюге ұқсас белгілер байқалады:

  • мұрыннан су ағу;
  • жөтел.

Одан кейін аурудың негізгі белгілері пайда болады:

  • дене қызуының 38–40 градусқа дейін көтерілуі;
  • кенеттен құсу;
  • қатты бас ауруы;
  • бастың шалқайып, аяқтың ішке қарай бүгіліп, ішке тартылуы;
  • басты кеудеге қарай еңкейткенде қарсылықтың байқалуы;
  • басқанда жоғалмайтын, жұлдыз тәрізді күлгін-қызыл бөртпенің пайда болуы.

Ауру ауа-тамшы жолы арқылы, яғни жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлескенде жұғады. Мамандардың айтуынша, бұл инфекциямен көбіне бір жастан екі жасқа дейінгі балалар, сондай-ақ 30 жасқа дейінгі жастар ауырады. Аурушаңдық қыс-көктем мезгілінде артады.

Менингококк инфекциясы кереңдікке, балалардың ақыл-ой дамуының тежелуіне, сирек жағдайларда сал ауруына әкелуі мүмкін.

Алдын алу шаралары

  • денені қатты тоңдырмау;
  • адам көп жиналатын орындарға баруды шектеу;
  • күн тәртібі мен тамақтану режимін сақтау;
  • суық тиген жағдайда медициналық маска тағу;
  • бөлмені үнемі желдетіп, ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізу;
  • науқаспен байланыста болған жағдайда 10 күн бойы медициналық бақылауда болу.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті менингококк инфекциясы кезінде өз бетінше емделуге болмайтынын ескертеді.