Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов білім саласының өкілдері және студенттермен Жолдауды талқылады
Жолдаудағы басым бағыттар, мемлекеттік басқаруды жаңғырту, цифрлық экономика мен инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған ел дамуының басым бағыттары Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде өткен кездесуде талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іс-шараға Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Бекзат Алтынбеков пен Әйгерім Исбекова, Қарағанды облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Нұркен Қобжанов, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Бексұлтанов қатысты. Сондай-ақ кездесуге өңірдің білім беру саласының өкілдері мен студенттері жиналды.
Өз сөзінде Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі стратегиялық басымдықтарды айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту – алдағы кезеңдегі маңызды әрі күрделі міндеттердің бірі.
«Соңғы жылдардағы ауқымды саяси реформалар, жаңа Конституцияның қабылдануы және мемлекеттік басқару жүйесінің жаңғыруы одан әрі дамудың берік институционалдық негізін қалыптастырды. Ендігі басты міндет – бұл өзгерістерді әрбір азамат сезіне алатын нақты нәтижелермен толықтыру», – деді ол.
Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев «халықтық цифрлық экономика» тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге, сондай-ақ жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және қазақстандықтардың табысын арттыру бағытында жаңа мүмкіндіктер ашуға жол береді.
Кездесу барысында инфрақұрылымды дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, жол салу және жөндеу, инженерлік желілерді, әлеуметтік және өзге де нысандарды жаңғыртуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасының маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар жобаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру, бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету, қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.
Іс-шараға қатысушылар Жолдауда белгіленген басымдықтарды тиімді іске асыру мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және азаматтардың күш-жігерін біріктіруді талап ететінін атап өтті. Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов жастармен ашық диалог орнатудың маңыздылығына тоқталып, олардың ел болашағына қатысты көзқарастары мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екенін жеткізіп, кездесу соңында студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар олар жұмыс сапары аясында «Maker» KLMZ ЖШС ұжымымен кездесті.