19 елді мекен, ондаған мың үй: Шымкенттің Қаратау ауданы қарқынды дамып келеді
Мұнда 897 көше, 33 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 668 көпқабатты тұрғын үй орналасқан
Шымкент қаласының Қаратау ауданында биыл тоғыз ай ішінде инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, жол-көлік желісін жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және әлеуметтік нысандарды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Нәтижесінде ауданның бірқатар елді мекенінде инженерлік желілер жаңартылып, балаларға арналған жаңа ойын және спорт алаңқайлары, гүлзарлар салынып, көшелердің сапасы жақсарды. Осы бағыттағы жұмыстың барысы мен алдағы жоспарлар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Жарылқасын Пазылбекұлы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазіргі таңда 340 мыңнан астам тұрғыны бар Қаратау ауданының жалпы аумағы 19,5 мың гектарды құрайды. Аудан құрамына 19 елді мекен кіреді. Мұнда 897 көше, 33 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 668 көпқабатты тұрғын үй орналасқан. Осы аумақтардың барлығында тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Ауданда ауыз сумен қамту деңгейі 99 пайызға, электр жарығымен қамту 99 пайызға, табиғи газбен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетті. Бұл көрсеткіштерді толықтай 100 пайызға жеткізу үшін нақты жобалар қолға алынған.
Атап айтқанда, Достық тұрғын алабындағы «Теміржолсу Арыс» ЖШС меншігіндегі су жүйелері мемлекет меншігіне қабылданды. Шапырашты тұрғын алабындағы су жүйелерін коммуналдық меншікке өткізу жұмысы жүріп жатыр. Сонымен қатар Таскен, Сайрам тұрғын алаптары мен Гидрогеолог шағынауданындағы жаңа құрылыс аумақтарын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірлен үстінде.
Электр инфрақұрылымын жаңғырту аясында Сайрам, Мәртөбе, Таскен, Достық тұрғын алаптары мен Қайтпас, Нұртас шағынаудандарында 12,3 шақырым электр желісі ауыстырылып, 9 трансформатор орнату жұмысы жүріп жатыр. Ал газдандыруды қамтамасыз ету мақсатында Гидрогеолог, Қайтпас және Нұртас аумақтарында жобалау жұмысы қолға алынған.
Жылу маусымына дайындық барысында Нұрсәт және Астана шағынаудандарындағы 8 нысанда жалпы ұзындығы 4 932 метр болатын жылу құбырлары жаңартылды. Орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 541 көпқабатты тұрғын үйге жылу беріліп, аудан аумағындағы 281 әлеуметтік нысанның жылыту жүйесі іске қосылды.
Көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында биыл 132 көше мен өткелге асфальтбетон жабындысын төсеу жоспарланған. Бүгінде оның 117-сінде жұмыс аяқталды. Сонымен қатар сегіз елді мекенде жалпы ұзындығы 27 шақырым болатын тротуар толық жасалды. Көшелерде жауын-шашын суының жиналуын болдырмау үшін жоспарланған 22 орынға ирригациялық арықтар мен су қабылдайтын құдықшалар орнатылды.
Көшелерді жарықтандыру мәселесінде де оң нәтижелер бар. 2025 жылы аудан әкімдігі ұсынған 534 көшеге жарықтандыру жүйелері орнатылып, көше жарығымен қамту көрсеткіші 100 пайызға жеткізілді. Қазіргі уақытта көшелердің тұйық бөлігі мен өткелдерді жарықтандыру жұмысы жүріп жатыр.
Тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне және балалардың қауіпсіз ортада ойнауына жағдай жасау мақсатында халық қатысатын бюджет жобасы аясында 2026 жылға 49 жоба жоспарланған. Оның 48-і аяқталып, біреуінде жұмыс жүріп жатыр. Балаларға арналған 26 ойын алаңын салу жоспарланған, қазір оның 25-і балалардың игілігіне берілді. Бұдан бөлек, үнемделген қаражат есебінен тағы төрт ойын алаңын салу басталды.
Сондай-ақ биыл ауданда бес спорт алаңы мен 10 гүлзардың құрылысы толық аяқталды. Үнемделген қаражат есебінен Нұрсәт шағынауданындағы №200 тұрғын үйдің артында тағы бір гүлзар салынып жатыр. Тұрғын үйлердің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында сегіз үйдің қасбеті жарықтандырылды. Сол сияқты 10 көпқабатты тұрғын үйдің 3 500 шаршы метр қасбетіне мурал салынды.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту аясында Сайрам тұрғын алабындағы көмекші мектеп-интернат-колледжіне арналған 300 орындық жаңа жатақхананы пайдалануға беру жоспарланған. Бұған дейін Тұран шағынауданында №143 және №144, Нұртас шағынауданында №145 жайлы мектептер ашылды. Сонымен қатар Сайрам тұрғын алабындағы №108 және №109 мектептер күрделі жөндеуден өтті.
Халықты әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту бағытында да бірқатар нәтиже тіркелді. Жыл басынан бері ауданда 380 ана мемлекеттік наградаларға ие болды. Оның ішінде 100 ана «Алтын алқа», 280 ана «Күміс алқа» наградасымен марапатталды.
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін 1 031 азамат өтініш білдіріп, оның 804-іне учаскелік комиссия оң қорытынды берген. Өткен жылмен салыстырғанда атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірушілер саны 35,6 пайызға төмендеген.
Жұмыспен қамту бойынша жылдық жоспар 2 286 азаматты тұрақты жұмысқа орналастыруды көздесе, қазіргі уақытта 2 547 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасқан. Осылайша жоспар 111,4 пайызға орындалды.
Сонымен қатар биыл аудан аумағындағы 170 көшеге атаулары жазылған 10 мың дана тақтайша орнату жұмысы жүріп жатыр.
Қаратау ауданында іске асып жатқан бұл жобалар инженерлік желілердің сапасын арттыруға, жол инфрақұрылымын жақсартуға, қоғамдық кеңістіктерді көбейтуге және әлеуметтік қолдауды кеңейтуге бағытталған. Алдағы кезеңде де негізгі басымдық тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін инфрақұрылымдық жобаларды жалғастырып, әрбір елді мекенде қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға беріледі.