Оралда 8-9-сынып оқушылары жүріп бара жатқан автобустың артына жабысып алған (ВИДЕО)

Оқушылардың ата-аналары жауапқа тартылды

Оралда 8-9-сынып оқушылары жүріп бара жатқан автобустың артына жабысып алған (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Орал қаласында 8-9-сыныпта оқып жүрген үш оқушы жүріп бара жатқан автобустың артына жабысып алған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға 3 қараша күні сағат 18:30 шамасында болған. Желіде тараған видеоға назар аударсақ, олар №22 бағыттағы автобустың артынан ұстап, аяқтарын бамперге тіреп алғанын байқауға болады. Абырой болғанда олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.

Полиция қызметкерлері видеоны көрген бойда мектеп инспекторларына жолдаған. Көп ұзамай оқушылар да табылды.

«Полиция қызметкерлері мектеп әкімшілігімен бірге бозбалалар мен олардың ата-аналарын мектепке шақырып, қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Сол сияқты бұл жағдайдың арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін екенін ескертті», – делінген ПД хабарламасында.

Осы жағдайға байланысты оқушылардың ата-аналары заңға сәйкес әкімшілік жауапқа тартылды.