«Бұл дұрыс па?»: министр Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған ер адамның ісіне қатысты ойын айтты

Автор: Асыл Арман

Министр биыл сәуір айынан бастап дәрігерге қол көтергендерге жаза күшейгенін еске салды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Ақтауда балалар хирургының жағасынан алған ер адамның ісіне қатысты Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пікір берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдері қойған сұраққа жауап беру барысында министр Ақтаудағы жағдайға қатысты ойын жеткізді.

«Өз қызметін атқарып жатқан адамды біреу келіп, ұрып-соғып, жұлқылап жатса, бұл дұрыс па? Қазір осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Сол себепті құзырлы органдар өз бағасын берер. Ер адамның бұл жағдайға неліктен барғаны қылмыстық істі тергеу барысында дәлелденер. Ал дәрігер мұндай жағдайға жеткізді деген әзірге дәлел жоқ», – дейді министр.

Ол сөзін жалғай отырып, президенттің тікелей тапсырмасы бойынша дәрігерлерге шабуыл жасағандарға қатысты жаза күшейгенін еске салды.

«Осыған байланысты президент биыл заңға қол қойып, ол сәуір айынан бастап күшіне енді. Қазақстанда осыған байланысты 50-ге жуық қылмыстық іс қозғалды. Бұл жерде біздің негізгі міндетіміз – халыққа сапалы қызмет көрсету», – дейді ведомство басшысы.

Айта кетейік, осыған дейін Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде ер адам балалар хирургіне шабуыл жасап, жағасынан алған. Артынша ер адам мен дәрігер оқиғаның қалай болғанын айтып, видео жариялады.