Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында ер адам дәрігерге тап берді

Оқиға орнындағы бірнеше адам ашуға булыққан ер адамды тоқтатып, дәрігерді арашалап қалған

Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында ер адам дәрігерге тап берді
Фото: Lada.kz

Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде келуші азамат балалар хирургіне шабуыл жасап, оның тамағына жармасқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz-ке сілтеме жасап. 

Оқиғаға байланысты медициналық мекеме мен өңірлік Полиция департаменті ресми түсініктеме берді.

Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, кеше болған жанжал кезінде оқиға орнына бірден полиция шақырылған.

Балалар хирургі кішкентай пациентті қажетті тексеруден өткізіп, нәтижесін әкесіне түсіндірген. Дәрігердің сөзінше, баланы ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілімдер болмаған. Алайда бұған наразы болған әкесі кенеттен үстелді теуіп, дәрігерге тап берген.

Оқиға орнындағы бірнеше адам ашуға булыққан ер адамды тоқтатып, дәрігерді арашалап қалған. Бүгін балалар хирургі жұмысқа қайта шығып, кезекшілікке кіріскен.

Әлеуметтік желіде оқиға куәгерлері де пікір білдірді. Желі қолданушылары ер адамның әрекетін айыптап, оны заң аясында жауапқа тартуды және ауруханалардағы күзетті күшейтуді талап етті.

Облыстық Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары жанжалдың барлық мән-жайын және оған қатысушылардың әрекетін анықтап жатыр.