«Әділет» партиясына өтінішті енді телефон арқылы жолдауға болады

Қазақстандықтар енді Adilet 365 арқылы партияның қоғамдық бастамаларына қатыса алады

«Әділет» партиясына өтінішті енді телефон арқылы жолдауға болады
Фото: «Әділет» партиясы

«Әділет» партиясы Adilet 365 цифрлық экожүйесін дамытуды қолға алды. Енді осы арқылы қазақстандықтар қолындағы телефонымен өтініш жолдап, түрлі іс-шараларға қатыса алады. Осылайша олар партия жұмысына атсалысады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Партия президенттің Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты жолдауында цифрлық экономиканы дамыту мен жасанды интеллектіні енгізу міндеттерін көрсеткенін атап өтті. Сол сияқты президент интернет пен смартфонды жасампаздық пен табыс табудың құралына айналдыруға, ал цифрлық трансформацияны нақты нәтижелерге бағыттауға ерекше назар аударғанына тоқталды. Ал бұл платформа мен мобильді қосымша партия жұмысының құралдары мен мүшелеріне арналған қызметтерді бір жүйеге біріктіреді. Тиісінше телефон арқылы партияға ұсыныс жолдап, іс-шаралар туралы ақпарат алуға, цифрлық партия билетін пайдалануға және партияішілік дауыс беруге қатысуға болады.

Сол сияқты партияның орталық аппараты мен облыстардағы филиалдарының қызметкерлері өтініштерді қабылдап, тапсырмалар мен құжаттарды өңдейтін, сондай-ақ талдамалы мәліметтерді алуға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық орта құрылды.

«Кез келген адам басына түскен қиындықтарын телефонымен шешуге үйреніп қалды. Сол себепті партиямен байланыс та барынша ыңғайлы болуы қажет. Қазақстандықтар тың идеяларын ұсынып, өтініш жолдап, іс-шараларға тіркеле алуы қажет. Adilet 365 экожүйесін дамыту арқылы біз партиямен байланысты жылдамдатуды көздеп отырмыз. Осы арқылы халықтан түскен өтініштерді өтініштерді қарау барысын жүйелі әрі ашық өткізуді мақсат еттік», – деді партия төрағасының орынбасары Қаныш Төлеушин.

Adilet 365 мобильді қосымшасынан қазақ және орыс тілдерінде жаңалықтарды оқуға, іс-шаралар туралы мәліметтерді, партияға жолданған өтініштер мен ұсыныстарды, сол сияқты партияішілік дауыс беру мен сауалнамаларды да табуға болады. Ал QR-коды бар цифрлық билеті арқылы партия мүшелері іс-шараларға тіркеле алады. Ал электронды білім базасында партия жарғысы, бағдарламасы, өзге де құжаттар бар.

Партия мүшелері осының арқасында кез келген жерде отырып, байланысқа шыға алады. Бұдан бөлек, ұсыныстарын жеткізіп, партияның іс-шараларына белсенді араласа алады.

«Президент Қазақстан халқына арнаған жолдауында басқару тиімділігін арттыру, цифрландыру және бюрократиялық рәсімдерді қысқарту мәселелерін ерекше айтты. Ал бұл қағидаттарды партия жұмысын ұйымдастыру барысында да көруге болады. Adilet 365 халықтың өтініштерін жүйелеп береді. Мәселен, өтініште айтылған мәселенің тақырыбы мен қай өңірден келгені көрсетіледі. Соның негізінде, ол міндет кімге жүктелетінін белгілеп, орындалу уақытын ерекше бақылауға алады. Сондай-ақ мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы міндеттемелерінің орындалуын бақылауға арналған арнайы бөлім де бар», – делінген «Әділет» партиясының хабарламасында.

Тапсырмалардың бірыңғай тізімінде әрқайсысына жауапты адамдар, олардың орындау мерзімі мен жұмыс кезеңдері көрсетіледі. Осы арқылы қызметкерлер тапсырмалардың қайсысы орындалып жатқанын, қайсысы қосымша қарауды қажет ететінін және қайсысы аяқталғанын көре алады. Ортақ күнтізбе, электрондық құжат айналымы және іс-шараларды ұйымдастыру құралдары партияның орталық аппараты мен өңірлік филиалдарының өзара жұмысын үйлестіруге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері де волонтерлік тапсырмаларды орындап, өз бастамаларын ұсына алады. Сондай-ақ олардың қоғамдық бастамаларға қосқан үлесін есепке алуға арналған цифрлық құралдар енгізілген. Олаор өздеріне қолайлы тапсырмалар мен кезекшілік уақытын таңдайды, ал іс-шараға келген қатысушылар QR-код арқылы тіркеледі.

«Цифрландыру мен ЖИ-ді дамытудың арқасында сапалы мәліметтердің маңызы да артып келеді. Adilet Analytics талдамалық модулі аймақтардың ерекшеліктерін ескеруге, қазақстандықтардың партия жұмысына атсалысу белсенділігін бағалауға және жиналған мәліметтер бойынша алдағы жұмысты жоспарлауға мүмкіндік береді. Adilet 365 цифрлық экожүйесін дамыту арқылы партия цифрлық трансформацияны күнделікті қызметіне енгізіп келеді. Осыған байланысты «Әділет» партиясы өз мүшелері Adilet 365 мобильді қосымшасын қолданған жөн деп есептейді», – делінген хабарламада.

Бұл қосымшаға eGov Mobile арқылы кіруге болады. Осыдан кейін пайдаланушылар электрондық партия билетін қолданып, іс-шараларды таңдап, өз ұсыныстарын жолдай алады және партия жұмысына белсене араласа болады.

Adilet 365 мобильді қосымшасын жүктеуге арналған сілтемелер партияның ресми сайтында жарияланған.