«Алыпсатарлар азаяды»: Ләззат Ибрагимова 2027 жылы Қазақстанда үй бағасы арзандауы мүмкін екенін болжады

Биыл Астанада сатылған үйлердің саны едәуір азайған

«Алыпсатарлар азаяды»: Ләззат Ибрагимова 2027 жылы Қазақстанда үй бағасы арзандауы мүмкін екенін болжады
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Келесі жылы Қазақстанда баспана саудасы бәсеңдеуі мүмкін. Бұған алыпсатарларға қойылған жаңа салық талаптары әсер етпек. «Отбасы банк» Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдіре отырып, келесі жылы үй алатын азаматтарға жақсы болжам жасады. 

Банк басшысының айтуынша, қазір Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында флипперлер азайып келеді. Бұған Салық кодексіндегі өзгерістер ықпал еткен. 

Атап айтқанда, пәтерді сатып алғаннан кейін 24 ай өтпей қайта сатқан жағдайда, сатып алған және сатқан бағаның айырмашылығынан 10-15 пайыз мөлшерінде салық төлеу қажет. Оның мөлшері түскен табыстың көлеміне байланысты есептеледі.

«Сонымен қатар құны 450 миллион теңгеден асатын немесе бірнеше жылжымайтын мүлігі бар азаматтардың салық жүктемесі де артады. Мұндай өзгерістер бірнеше пәтер сатып алып, кейін қайта сатуды көздейтіндерді азайтуы мүмкін. Қазір көбі үшін депозитке, корпоративтік облигацияларға ақша салған тиімді екенін де ескерген жөн. Сондықтан алдағы жарты жылда жылжымайтын мүлік  нарығындағы белсенділік азаяды», – деді Ләззат Ибрагимова.

Оның сөзінше, мұны Астанадағы жылжымайтын мүлік нарығының статистикасынан да байқауға болады. Мысалы биыл елордада 6 119 сатып алу-сату мәмілесі тіркелген. Ал бұл деректі өткен жылға қарағанда 29 пайыз аз.  

2027 жыл баспана алатындарға тиімді бола ма

Ләззат Ибрагимованың болжамынша, алдағы жыл Отбасы банк салымшылары үшін де оңтайлы кезең болуы мүмкін. 

Яғни төлем жасай алатын және керек құжаты бар азаматтар асықпай, өзіне қолайлы пәтер таңдай алады. Банк басшысы мұндай жағдайда сатып алушылардың нарықтағы ұсыныстарды салыстырып, тиімді нұсқаны қарастыруына мүмкіндік туатынын айтады.

Тағы бір жаңалыққа кезек берсек, енді үйдің бағасы негізсіз өспейді. Қазір банк тұрғын үй бағдарламалары аясында дәл осы мәселені қолға алған. Ол үшін Baspana Market цифрлық платформасы қолданылады. Онда жарияланатын пәтерлердің нарықтағы құны алдын ала сарапталады. Платформаға бағасы нарыққа сәйкес келетін нысандар ғана жарияланады.

Айта кетейік, банк басшысының бұл болжамы баспана бағасы міндетті түрде арзандайды дегенді білдірмейді. Алайда мәмілелер азаюы мен фрипперлерге қойылатын жаңа талаптар алдағы кезеңде тұрғын үй нарығындағы бәсекені өзгертуі мүмкін.