Алматыда жүк көліктерін жаппай тоқтатуға шақырған азамат қамауға алынды

Бейнеүндеу түсірген 41 жастағы Асылжан Баймұханов болып шықты

Алматыда жүк көліктерін жаппай тоқтатуға шақырған азамат қамауға алынды
Фото: ІІМ

Алматы қаласының полицейлері жүргізушілерді салмақтық шектеулерге қарсы заңсыз наразылық акциясына шығуға үндеген бейнеүндеу авторын анықтап, жауапқа тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желіде жүк көліктерін ұйымдасқан түрде тоқтатуға шақырған бейнеүндеу авторы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция мәліметінше, жедел іздестіру және тексеру шаралары нәтижесінде бейнежазбаның авторы анықталып, бөлімшеге жеткізілген. Ол 41 жастағы Асылжан Баймұханов болып шықты. Ер адам 1 қарашада рұқсат етілмеген жаппай іс-шара ұйымдастыруға және жүк көліктерін тоқтатуға шақырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сот оны кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды. Құқық қорғау органдары рұқсат етілмеген акцияларға шақыру және қоғамдық тәртіпті бұзуға бағытталған әрекеттер заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті.