17 миллион теңге бопсалаған: Қостанайда бұрын сотталған күдіктілер ұсталды
Екі азамат та тергеу изоляторына қамалды
Қостанай қаласында полиция мен арнайы жасақ қызметкерлері бопсалаушылықпен айналысқан екі ер адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қостанай облысында екі ер адам 17 миллион теңге бопсалады деген күдікпен ұсталды. Ішкі істер министрлігі мен өңірлік полиция департаментінің бірлескен операциясы кезінде олар 4,4 миллион теңге қолма-қол ақша алып жатқан жерінен қолға түсті.
Тергеу мәліметінше, бұрын сотталған екі азамат қыркүйек айынан бастап жәбірленушіні күш қолданумен қорқытып, одан 17 миллион теңге талап еткен. Арнайы операция 28 қазанда ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті, Қостанай облысы ПД-нің тиісті басқармасы және «Бүркіт» арнайы бөлімшесінің қатысуымен жүргізілді.
Тінту барысында 4,4 миллион теңге, Kia Sportage автокөлігі мен ұялы телефондар тәркіленді. Күдіктілердің әрекеті алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаған бопсалау ретінде сараланды. Екі азамат та тергеу изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.