Ерлан Қарин надандық пен радикализмді насихаттауға қарсы қатаң ұстаным танытуға шақырды

Оның айтуынша, қоғамда еңбекқорлық, білім, ғылым және прогресс сияқты жасампаз құндылықтарды дәріптеу маңызды

Ерлан Қарин надандық пен радикализмді насихаттауға қарсы қатаң ұстаным танытуға шақырды
Фото: Ақорда

Ақордада Ерлан Қариннің төрағалығымен ішкі саясат мәселелері жөнінде республикалық кеңес өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, Үкімет мүшелері, өңір әкімдерінің орынбасарлары және ішкі саясат басқармаларының басшылары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

Вице-президент идеологиялық күн тәртібін қалыптастыратын конституциялық құндылықтарға кеңінен тоқталды.

«Конституциямыз мемлекеттің құқықтық негізін ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы іргелі құндылықтарды да айқындайды.  Осылайша, тарихымызда тұңғыш рет ел идеологиясының бағыт-бағдары нақтыланып, мазмұндық тұрғыдан толықты. Сондықтан біздің ең басты міндетіміз –  конституциялық құндылықтарды түсіндіру және насихаттау», – деді Ерлан Қарин.

Осы орайда Вице-Президент прогрессивті конституциялық құндылықтарды одан әрі ілгерілетіп, қоғамдық санада орнықтыру қажет екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының саясаты Қазақстанды одан әрі өркендетуге бағытталған. Елімізде елеулі өзгерістер болып жатыр. Қоғамдық өмірдің барлық саласы жаңғыруда. Сондықтан халық арасында еңбекқорлық, білім, ғылым және прогресс секілді жасампаз құндылықтарды дәріптеу өте маңызды. Сонымен қатар ескілікті, тоғышарлықты, радикализмді насихаттайтын кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қою керек. Көпшілік ортада арагідік ұшырасатын түрлі шектен тыс әрекеттер мен мәдениетсіздікке адамдардың өзі қарсы екенін көріп жүрміз. Бұл қоғам мәдениеті мен құндылықтардың өзгере бастағанын білдіреді. Демек Президенттің прогрессивті реформалары жұртшылық  тарапынан кеңінен қолдау тапты әрі бұл бұлжымас сипатқа ие болды»,  – деді Ерлан Қарин.

Вице-Президенттің пайымдауынша, ішкі саясаттың басым бағыттарының бірі – Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамаларын сапалы іске асыру.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолдануға негізделген жаңа экономикаға сай мемлекеттік басқару моделін қалыптастыру қажет. Сондықтан мемлекеттің сервистік моделінің тетіктерін, атап айтқанда, халықпен кері байланыс орнатуға арналған ақпараттық жүйелерді жетілдіру ісін жеделдеткен жөн. Орталық мемлекеттік органдар мен өңірлердің барлық байланыс орталықтарын бірыңғай цифрлық платформаға біріктіру маңызды міндетке айналып отыр», – деді Ерлан Қарин.

Кеңес барысында этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлестіктермен және сарапшылармен ықпалдастық мәселелері, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, ақпараттық, отбасы және жастар саясатындағы басымдықтар қаралды.

Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясаттың негізгі бағыттарын жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.