Қызылордада топтасып, дрифт жасаған жастар көліктерінен айырылды (ВИДЕО)

Полиция оларға 30-ға жуық айыппұл салды

Қызылордада топтасып, дрифт жасаған жастар көліктерінен айырылды (ВИДЕО)
Фото: Видеодан скрин

Қызылорда қаласында жүргізушілер кортеж ұйымдастырып, дрифт жасағаны үшін 30-ға жуық айыппұл арқалап алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Олар кортеж өткізіп, дрифт жасағанын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Бұл полицияның назарын аударды. Жүргізушілер бір емес, бірнеше мәрте жол ережесін бұзған болып шықты.

«Бәрі анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Олар – 19-26 жас аралығындағы Қызылорда қаласының тұрғындары. 8 құқық бұзушыға қатысты 27 хаттама ресімделіп, айыппұл салынды. Олардың ішінде төртеуі ұсақ бұзақылық жасағаны үшін соттың шешімімен 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Жеті автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Барлық құқық бұзушыға мұндай әрекеттерге жол бермеу туралы ресми ескерту берілді», – делінген хабарламада.

Полиция жүргізушілерді жол қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, өзгелердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге болмайтынын ескертті.