Жастарға баспана, жұмыс және ғылым: депутаттар мен студенттер президент Жолдауын талқылады
Жиында жастарды баспанамен қамту, жұмыспен қамтамасыз ету және білім мен ғылымды дамытудағы бастамалары сөз болды
Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде президент Жолдауында белгіленген міндеттер мен жастардың ел дамуына қосар үлесі талқыланды. Жиында жастарды баспанамен қамту, жұмыспен қамтамасыз ету және білім мен ғылымды дамытудағы бастамалары айтылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Талқылауға депутаттар, республикалық жастар бірлестіктерінің басшылары және студенттер қатысты.
Университет ректоры Ерлан Сыдықов президент Жолдауында елдің алдағы жылдарға арналған ауқымды міндеттері айқындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, барлық бастама ең алдымен тәуелсіздікті нығайтуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономиканы дамытуға бағытталуы керек.
«Мұнда мен баса назар аударған мәселе – атқарылатын жұмыстардың барлығы ең алдымен тәуелсіздігімізді нығайтуға бағытталуы керек. Өйткені Тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев президенттігінің басында айтқан болатын. Барлық жұмысымыз бен жүргізіліп жатқан саясат та осыған бағытталуы керек. Екіншіден, атқарылған жұмыстардың барлығы халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналуы тиіс. Егер оның тұрмыс сапасына әсер ете алмасақ, онда істелген жұмыстың нәтижесі болмайды. Үшіншіден, қолға алынған бастамалар экономиканың дамуына негіз болуы керек. Сонымен қатар қоғамдағы бірлікті нығайтуға баса мән берілуі қажет. Егер бірлік болмаса, басқа бастамалардың да нәтижесі болмайды», – деді ректор.
Ерлан Сыдықов Жолдауда білім мен ғылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінгенін айтты. Оның сөзінше, бұл бағытта білікті мамандар мен жас ұрпаққа сапалы білім беретін азаматтардың рөлі маңызды. Сондай-ақ дәрігерлердің жалақысын 40 пайызға көтеру бастамасын және мұғалімдердің еңбекақысын арттыру бағытындағы жұмыстарды атап өтті.
«Ғалымдардың да жағдайы жаман емес. Өйткені жақын арада ғылымға бөлінетін қаражат көлемі жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына жетуі керек. Бұл – өте үлкен қаржы. Біз осы мақсатқа жұмыс істеп келеміз. Осыдан он шақты жыл бұрын ғылымның тұралап қалғанына көзіміз жетті. Қаржы бөлінбей, біршама ғалымнан айырылып қалдық. Қазір жастардың ғылымға келуі күшейді», – деді ол.
Ал Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров жастар үшін баспана мәселесі әлі де өзекті екенін айтты. Оның сөзінше, еліміздің 17 өңірінде жүзеге асырылып жатқан жеңілдетілген несие бағдарламалары жастардың тұрғын үй алуына мүмкіндік беріп отыр.
«Әрбір жастың көкейінде жүрген сұрақтың бірі – үйлі болсам деген арман. Осы орайда жеңілдетілген несие арқылы жастарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылып жатыр. Қазіргі таңда 12 400 жас отбасы осындай бағдарламалар арқылы баспанаға қол жеткізді. Сонымен қатар «Отбасы банк» салымшыларының 42 пайыздан астамы – 35 жасқа дейінгі жастар. Олардың саны 283 мыңнан асады. Ауылдық жерлерге жұмыс істеуге баратын жас мамандар үшін тұрғын үй сатып алуға берілетін бюджеттік несие көлемі 10 миллион теңгеден асты. Сондай-ақ несиелік тұрғын үйді қаржыландыруға арналған жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген қарыз көлемі ұлғайтылды. Баспана кезегін бөлу процесі толық автоматтандырылып, ашықтық деңгейі артты», – деді комитет төрағасы.
Қайрат Қамбаров жастарды баспанамен қамтумен қатар, олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына және кәсіпкерлік бастамаларын жүзеге асыруына жағдай жасау маңызды екенін атап өтті. Бұл бағытта Астанадағы «Жол тап» бағдарламасы мен өңірлерде жұмыс істеп жатқан мүмкіндіктер алаңдары жастарға сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге және практикалық дағдыларын дамытуға көмектесіп келеді.
Сондай-ақ ол жастардың жаңа жобаларын қолдауға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттық жобасына тоқталды. Бағдарлама аясында республикалық деңгейде үздік деп танылған 30 жобаға 3 миллион теңгеден қаржы бөлінеді.
«Біздің басты қағидаттарымыздың бірі – жастар арасында масылдыққа жол бермеу. Жастарға дайын дүниені бере бермей, олардың өз мүмкіндігін пайдалануына жол ашуымыз керек. Яғни, жастардың қолына қармақ беру маңызды. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет», – деді ол.
Комитет төрағасы жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыру мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызды алаңына айналған. Бүгінге дейін акция аясында 7 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 2 миллионнан астам жас қатысқан.
«Біз жастарды тек мемлекеттен қолдау алушы топ ретінде емес, елдің болашағын қалыптастыратын, экономикалық және қоғамдық өзгерістерге белсенді қатысатын негізгі күштердің бірі ретінде қарастыруымыз керек. Жастардың сапалы білім алуына, заманауи дағдыларды меңгеруіне, еңбек нарығында сұранысқа ие болуына және өз бастамаларын жүзеге асыруына жағдай жасау – ортақ міндетіміз», – деді Қайрат Қамбаров.
Ал Құрылтай депутаты Ақерке Искандерова жастарды президент Жолдауын сырттай бақылап қана қоймай, ел дамуына қатысты бастамаларға белсенді араласуға шақырды. Оның пікірінше, Мемлекет басшысы келесі жылды «Жалпыхалықтық құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынғандықтан, жастар да бұл іске өз үлесін қосу жолдарын ойластыруы керек.
«Жолдауды тек тапсырма ретінде қабылдап, «бұл маған қатысты емес» деп қарамау керек. Оны оқып, «мен мұны қалай пайдалана аламын, қандай үлес қоса аламын?» деп ойлану қажет. Егер келесі жылды Президент «Жалпыхалықтық құрылыс жылы» деп жарияласа, әркім өзінің осы іске қалай үлес қоса алатынын ойластыруы керек. Бұл міндетті түрде цемент құйып, кірпіш қалау деген сөз емес. Дизайнерлер, техникалық мамандар, жобалаушылар және басқа да сала өкілдері қажет болады. Сондықтан барлық бағытта жастардың үлесі керек», – деді депутат.