Жамбыл облысында ұрылар 400-ге жуық малды айдап кеткен

Жалпы шығын – 34 млн теңге

Жамбыл облысында ұрылар 400-ге жуық малды айдап кеткен
Фото: Видеодан скрин

Жамбыл облысында 400-ге жуық мал ұрлаған күдіктілер қолға түсті. Полиция қызметкерлері бірнеше рет мал ұрлады деген күдікпен төрт адамды ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында олардың соңғы төрт айда бірнеше рет мал ұрлағаны анықталды. Полицияның мәліметінше, қорада тұрған, сол сияқты жайылымдарда жайылып жүрген 384 бас ұсақ мүйізді мал ұрланған. Жалпы шығын – 34 млн теңге. Тергеу барысында полицейлер заттай дәлелдемелер жинап, куәгерлер мен күдіктілерден жауап алды.

«Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты бірнеше рет аса ірі мөлшерде жасалған мал ұрлығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Олардың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау үшін жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлайды облыстық ПД.

Айта кетейік, осыған дейін Жамбыл облысының Меркі ауданында қойшы иесінің 250 бас малын ұрлап, 30 млн теңге шығын келтіргені хабарланған.