Алматыда құмар ойын өткізуге банк қызметкерлері де араласқан: олар 188 млрд теңгені заңдастырмақ болды

Олар қылмыстық жолмен түскен ақшаны заңдастыру үшін өз иелігіндегі компанияны пайдаланған

Алматыда құмар ойын өткізуге банк қызметкерлері де араласқан: олар 188 млрд теңгені заңдастырмақ болды
Фото: ҚМА/Видеодан скрин

Алматыда бір топ адам «Nomadgames», «Sultangames» интернет-сайттары мен олардың көшірме сайттары арқылы интернет-казино ұйымдастырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ойыншылардың ақшасын алу үшін төлем ұйымдары, банк эквайрингін, POS және интернет-терминалдарды, электрондық әмияндар мен криптовалюта құралдарын қамтыған көпсатылы төлем жүйесін қолданған.

Ал ең сорақысы, оған банк саласының қызметкерлері де атсалысып, көмек көрсеткен. Өз кезегінде олар төлем инфрақұрылымына қосуды, міндетті тексеру жүргізбестен шарттар жасауды және интернет-терминалдарға тиісті MCC-кодтарын беруді мойнына алған.

Ал ақшаның не үшін қабылданғанын жасыру үшін букмекерлік және кәсіпкерлік мақсатта жүргізілгендей көрсеткен. Осының арқасында электрондық терминалдар арқылы 188 млрд теңгеден астам ақша айналымға түскен.

«Қылмыстық жолмен түскен ақшаны заңдастыру үшін олар өз иелігіндегі компанияны пайдаланған. Жалған шарттар арқылы сол команияның шоттарына 10 млрд теңге аударылған. Ал кейіннен бұл ақша криптовалютаға айырбасталып, күдіктілердің криптоәмияндарына аударылған. Ал тергеу барысында 19 млн USDT болатын криптовалютасы анықталды», – делінген ҚМА хабарламасында.

Соттың санкциясымен қылмыстық топ мүшелеріне тиесілі үш пәтер, алты көлік анықталып, қолдануға тыйым салынды, сондай-ақ 1,4 млрд теңгені құрайтын криптоактивтер мен банк шоттарындағы ақша бұғатталды.

«Екі күдікті қамауға алынды, тағы үшеуіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қалған екі күдіктіден ешқайда кетпеу және мінез-құлқына қатысты қолхат алынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді», – деп жазады агенттік.