«Суды үнемдеуге көшуіміз қажет»: Үкімет басшысы тарифтік реформаны реттеуді тапсырды
Бектенов егіс алқаптарын жоспарлау кезінде су шаруашылығы теңгерімін сақтауға ерекше назар аударуды тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов ауызсуды тұтыну саласындағы тарифтік реформаны 2027 жылдың қаңтарына дейін аяқтауды тапсырды. Бұл туралы ол үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сонымен қатар ол жасанды интеллект элементтері қолданылатын Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі 15 желтоқсанға дейін толық жұмыс істеуі керек екенін ескертті.
Үкімет басшысы судың ысырап болуын азайтып, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ егіс алқаптарын жоспарлау кезінде су шаруашылығы теңгерімін сақтауға ерекше назар аударуды тапсырды.
«Ұлттық экономика министрлігі Су ресурстары министрлігімен бірлесіп, ауызсуды тұтыну саласындағы тарифтік реформаны 2027 жылдың қаңтарына дейін аяқтауды қамтамасыз етсін. Бұл ретте суды тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу үшін экономикалық ынталандыру тетіктерін әзірлеу қажет», – деді Олжас Бектенов.
Бұдан бөлек, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Су ресурстары министрлігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, суды көп тұтынатын кәсіпорындар үшін ауызсуды үнемдеу шараларын әзірлеуі керек. Атап айтқанда, мұндай нысандарды техникалық суға көшіру, сондай-ақ айналымды және қайта пайдаланылатын сумен жабдықтау жүйелерін енгізу көзделіп отыр.