1,2 млрд теңге шығын: Ақтөбенің жерін қазып, астындағы байлығын жинап алған кәсіпкерлердің былығы анықталды
Осыған байланысты салық қызметінің үш қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды
Ақтөбеде жер қойнауын пайдаланып, астындағы байлығын жинап алған кәсіпкерлер мемлекетке 1,2 млрд теңге көлемінде салық төлемеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Прокуратураның мәліметінше, кәсіпкерлер 2022-2025 жылдары 127 келісімшарт аясында жер қойнауын пайдаланған. Алайда олардың толық көлемде салық төлемегені анықталды.
«Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде 600 миллион теңгеден астамы өтелді. Сонымен қатар, 29 компания жалпы сомасы 250 миллион теңгеге қосымша салық декларациясын өз еркімен тапсырды. Қазіргі уақытта қалған салық міндеттемелерінің толық орындалуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.
Мемлекетке төленуі керек салықты бақыламағаны үшін салық қызметінің үш қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды.