Келесі жылы Астанада екінші әуежайдың құрылысы басталады
Бұл туралы Үкімет отырысында мәлімдеді
Премьер-министр Олжас Бектенов Астанада екінші әуежай салуға кірісуді тапсырды. Бұл туралы үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкімет басшысының айтуынша, Қазақстанды Еуразиядағы ірі көлік-логистика торабына айналдыру үшін бірқатар инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру қажет.
«Құрылыс маусымының басталуымен қолданыстағы «Көкшетау – Петропавл» күре жолын кеңейтуге және Астана қаласында екінші әуежай салуға кірісу қажет», – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар Премьер-министр келесі жылы барлық көлік өткізу бекеттерін салу және жаңғырту жұмыстарын аяқтауды, «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосуды тапсырды.
«Бұдан бөлек, халықаралық жүк тасымалының көлемін арттыру үшін отандық жүк тасымалдаушыларды мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын әзірлеу қажет. Көлік министрлігі жүк шоғырландыру және бөлу орталықтарын құруды ескере отырып, сервистік инфрақұрылымды дамыту жұмысын да күшейтуі тиіс», - деді ол.
Олжас Бектенов автожол құрылысының сапасына да ерекше назар аударды. Оның айтуынша, Көлік министрлігі жолдарды салу мен жөндеу барысын, сондай-ақ жергілікті автожолдардың жай-күйін бақылауы керек. Сонымен қатар мердігер ұйымдардың жауапкершілігі мен техникалық қадағалауды күшейту шаралары әзірленуге тиіс.