Ертеңнен бастап емханалар жоспарлы қабылдауды жалғастырады – елорда әкімі
Дегенмен, індетті жұқтыру қаупі әлі де жойыла қойған жоқ
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов шаһардағы эпидемиологиялық жағдайға қатысты тұрғындарға үндеу жасап, күзде ЖРВИ маусымына байланысты медициналық мекемелерге қайта ауыртпалық түсетінін ескертті. Коронавирус бойынша карантиннен кейінгі ахуал бірден жақсармайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазірдің өзінде дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Емхана, ауруханаларға қосымша көмек көрсетілді. 600-ден астам флуометр, 500-ге жуық оттегі концентраторы, 500-ге жуық арнайы төсек-орын, өкпені жасанды желдету және КТ аппараттары алынды. Алдағы уақытта жедел жәрдем көліктері де жеткізіледі. Екі апта ішінде қалаға 110 тоннадан астам дәрі жеткізілді. Біз бұл жұмыстарды жүйелі негізде жалғастыра береміз», - деді ол бүгінгі мәлімдемесінде.
Сондықтан әкімдік қажет болған жағдайда төсек-орынды барлық 16 инфекциялық стационарда қайта ашады. Спорттық ғимараттар мен басқа да біршама нысандар кез келген сәтте қажетті орындарды әзірлей алады.
«Жасыратыны жоқ, қала тұрғындары алғашқы карантиннен кейін санитария нормаларын сақтанбады. Бұл кері әсерін тигізіп, індетке шалдыққандардың саны күрт өсті. Дәрігерлер мен медициналық ұйымдар мүмкіндігінше барын салып жұмыс істеді. Карантин шаралары ғана жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Инфекциялық стационарлардағы төсек-орынға сұраныс шілде айының басынан бастап 99%-дан 18,5%-ға дейін төмендеді. 16 стационардың бесеуі жабылды. Оларда болған барлық науқастар жазылып шықты. КВИ мәселелері бойынша жедел жәрдем шақыру саны 9,5 есеге төмендеп, тәулігіне 500-ден 53-ке дейін азайды. Стационарларда пневмониямен ауыратын науқастардың саны 6 есе қысқарды»,- деді әкім.
Қалада №1 және №2 қалалық балалар ауруханасы тамыз айының басынан бастап бұрынғы режимде жұмыс істей бастаған. Ал ертеңнен бастап қалалық емханалар жоспарлы қабылдауды қайта жалғастырмақ.
«Бірақ індетті жұқтыру қаупі жойылды деуге әлі ерте. Инфекцияны тоқтату үшін сақтық шаралары мен санитария нормаларын барынша сақтау қажет», - деп ескертті Көлгінов.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан