Қазақстанда COVID-19 індетін жұқтырған 69 адамның жағдайы өте ауыр
Ел бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 100 мың адамға таяды
Дәл қазір ауруханада жатқан 246 адамның денсаулығы нашар, ал 69 адамның жағдайы өте ауыр. Бұл туралы бүгін елдегі коронавирус инфекциясына қатысты ахуал туралы ресми түрде мәлімдеме жасаған Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлім етті.
Айта кетейік, енді ресми өкіл әр аптаның дүйсенбісінде, түскі сағат 15:00-де коронавирусқа қатысты статистика, адамдардың жағдайы мен пневмониямен ауырғандар туралы ақпарат беріп отыратынын мәлімдеді.
«13 наурыздан бастап Қазақстанда 99 442 адам коронавируспен ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны – 72 523 адам. Стационарларда 4713 адам жатыр. 20 937 адам амублаториялық ем қабылдауда. 246 адамның денсаулығы нашар, 69 адамның денсаулығы өте нашар. 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Соңғы бір тәулікте коронавирус инфекциясын 741 адам жұқтырды. 23 отандасымыздан айырылып қалдық», - деді Қожахметов.
1 тамыздан бергі пневмониямен ауырған адамдардың санына тоқтала отырып, Қожахметов «оған дейінгі статистика біріккен статистикаға енбейтінін» тағы хабарлады. Ал тамыздың алғашқы декадасында пневмониядан қайтыс болғандар саны 164 адамға жеткен.
«Тамыздың алғашқы 10 күнінде ПТР-сынақтың теріс нәтижесі бар, бірақ коронавирус инфекциясының диагнозымен 13 280 адам тіркелді. 164 адам қайтыс болды. Соңғы тәулікте 159 науқас тіркеліп, 12 науқас көз жұмды», - деп хабарлады ол.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан