Тоқаев Жолдауында жуырда Қазақстанға келген Дженсен Хуангты еске алды

Дженсен Хуангтың осы жөніндегі ұсынысын қолдап, оны жедел жүзеге асыруға шақырды

Тоқаев Жолдауында жуырда Қазақстанға келген Дженсен Хуангты еске алды
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллектінің тәсілдерін енгізу қажет екенін айтты. Ол жуырда Астанаға келген NVIDIA компаниясының басшысы Дженсен Хуангтың осы жөніндегі ұсынысын қолдап, оны жедел жүзеге асыруға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Өткен аптада Астанада іссапармен болған NVIDIA компаниясының басшысы, жаңа толқындағы ірі кәсіпкер Дженсен Хуанг Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласына жасанды интеллектінің тәсілдерін енгізетін кез келді деп, өз пікірін айтып кетті. Меніңше, бұл – өте орынды ұсыныс. Оны жедел қарқынмен іске асыруымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан бұл бағытта табысқа жетсе, болашақта азық-түлікпен қамтамасыз ететін негізгі орталыққа айналуы мүмкін. Сондай-ақ елімізде ірі су көздеріне жақын орналасқан кең алқаптар бар екенін атап өтті.

«Сол жерлерді суармалы егіншілікке пайдалану дәстүрлі дақылдардың өнімділігін 2-2,5 есе көбейтуге ықпал етеді. Жаңа алқаптарды игеру кезінде су үнемдеудің озық тәсілдерін және агрохимиялық технологияларды қолдану аса маңызды. Бірақ елімізде бұл жұмыстың тиімділігі әлі де төмен» , - деді Мемлекет басшысы.

Мұнан бөлек, Жолдауда су тапшылығы мәселесі де айтылды. Үкімет пен әкімдіктерге су тұтыну бойынша бақылауды күшейтіп, шығынды азайтып, мақсатсыз пайдалануға жол бермеу қажет екенін айтты.

«Судың құны оның бағасына сай болуы тиіс», – деді Президент.

Тоқаев су тұтыну саласындағы тарифтік реформаны аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар Үкіметке Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін қысқа мерзімде іске қосуды міндеттеді.