Президент: Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз
Бұл туралы президент бүгінгі Жолдауында айтты
Астанада әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып Астанада жаңа әуежай салынатынын мәлімдеді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір Қазақстанда бірнеше әуежайдың құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Мұндай нысандарды бір мезетте салу тәжірибесі ел тарихында бұрын-соңды болмаған. Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру жұмысы аяқталды, таяуда Зайсан, Катонқарағай, Кендірлі әуежайлары іске қосылады. Келесі жылы осы саладағы әлемдік ірі компаниялардың бірін тарта отырып, Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастаймыз», – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Еуразиядағы негізгі көлік торабы ретінде Қазақстанға өз орнын нық бекіту үшін бірқатар маңызды міндет орындау қажет екенін атап өтті. Ең алдымен, халықаралық бағыттарды қоса алғанда, көлік саласын толық цифрландыру қажет.
«Жасанды интеллект дәуірінде жаһандық транзит ағындарын қағаз құжаттар арқылы басқару – ақылға қонымсыз. Ал бұл – тығырыққа апаратын ең төте жол», - деді президент.