Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне экс-журналист тағайындалды

Ол еңбек жолын 2015 жылы «Қазақстан» телеарнасынан бастаған

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне экс-журналист тағайындалды
Фото: Ақтау қаласының әкімдігі

Ақтау қаласы әкімінің орынбасары болып бұрынғы журналист Аида Садатқызы тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш қала активіне өзінің жаңа орынбасарын таныстырды.

Қала әкімдігінің мәліметінше, әкімнің жаңа орынбасары мемлекеттік басқару, журналистика және қоғамдық коммуникациялар салаларында еңбек еткен.

Оның екі жоғары білімі бар. Мәскеу политехникалық университетінің Баспасөз және медиаиндустрия жоғары мектебін «Журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал екінші жоғары білімін «Құқықтану» мамандығы бойынша алған.

Ол еңбек жолын 2015 жылы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ Маңғыстау облыстық филиалынан бастапты. Мұнда ол редактор, редактор-жүргізуші және редактор-талдаушы қызметтерінде болған. Одан бөлек, әр жылдары республикалық деңгейдегі басылымдардың меншікті тілшісі де болған. Сол сияқты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінде жұмыс істеген.

2021 жылдан бастап Маңғыстау облысы әкімі аппаратында өңірлік даму және талдау бағытында қызмет атқарған. Сол жылдың желтоқсан айынан 2025 жылдың наурызына дейін Маңғыстау облысының Қоғамдық коммуникация орталығын басқарды. Кейіннен Ақтау қаласының жергілікті атқарушы органдары жүйесінде еңбек етті. Ал 2025 жылдың қазан айынан бастап Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметіне кірісті.

Ол – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

Еңбек жолынан бөлек, ол – спорт шеберлігіне үміткер және Маңғыстау облысының көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті.