Әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы өмірден озды

Роза Айтматова 89 жаста еді. Ол педагог, ғалым және қоғам қайраткері ретінде танылған

Әлемге әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы өмірден озды
Фото: instagram.com/aitmatov_official

Қырғызстанда әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы Роза Айтматова 89 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Марқұмның қайтыс болғаны туралы оның отбасының Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланды.

«89 жасында Роза Айтматова өмірден озғанын терең қайғыра отырып хабарлаймыз. Роза Тороқұлқызының жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады», – делінген отбасылық хабарламада.

Қырғызстан президенті әкімшілігінің ресми Telegram-арнасында да марқұмға арналған қазанама жарияланды.

«Қырғызстан орны толмас қазаға ұшырады. 2026 жылғы 26 қазанда көрнекті ағартушы, педагог және қоғам қайраткері Роза (Розетта) Торекуловна Айтматова 89 жасында дүниеден өтті», – деп жазылған хабарламада.

24.kg басылымының мәліметінше, Роза Айтматова физика-математика ғылымдарының кандидаты, Қырғызстанның еңбек сіңірген білім беру қызметкері және қоғам қайраткері болған.

Ол Маяковский атындағы Қырғыз әйелдер педагогикалық институтын тәмамдаған. Кейін Қырғыз КСР Ғылым академиясында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп, жоғары оқу орнында сабақ берген. Физика мен педагогика салалары бойынша ғылыми еңбектер жазған.

Роза Айтматова отбасының тарихын сақтауға да үлес қосты. Ол жиені Асан Ахматовпен бірлесіп, «Тарихтың ақ беттері» атты кітап жазған. Еңбекте 1930-жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған әкелері Төрекұл Айтматовтың өмірі мен қызметі, сондай-ақ Шыңғыс Айтматовтың балалық шағы баяндалады.

Роза Тороқұлқызы өмірінің едәуір бөлігін әйелдердің құқықтарын қорғауға арнаған. 1996 жылы әріптестерімен бірге «Әйелдерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық ұйымын құрған.