Қазақстанда күзгі демалыс басталды: министрлік ата-аналарға үндеу жасады
Оқушылардың күзгі демалысы басталуына байланысты Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне баса назар аударып, бос уақытын тиімді ұйымдастыруды ескертті
Қазақстан мектептерінде күзгі демалыс басталды. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарды балаларға үйде, көшеде және интернетте қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіруге шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күзгі демалыс 2026 жылғы 26 қазаннан 1 қарашаға дейін қоса алғанда жалғасады. Оқушылар 2 қарашада сабаққа қайта кіріседі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, демалыс кезінде балалар отбасымен уақыт өткізіп, кітап оқып, спортпен және шығармашылықпен айналыса алады. Мектептер де оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін түрлі іс-шаралар өткізуге құқылы. Алайда мұндай шараларға қатысу ерікті түрде жүзеге асырылады. Сонымен қатар іс-шаралар балалардың қызығушылығы мен отбасының жоспарына сай ұйымдастырылуы керек.
Ведомство мектепішілік іс-шараларды өткізген кезде балалардың қауіпсіздігіне жауапты адамдарды алдын ала белгілеу қажет екенін атап өтті. Оқушылардың қатысуы ата-аналармен келісілуі тиіс. Ал мектептен тыс жерлерде өтетін шаралар кезінде балаларға жауапты ересектердің еріп жүруі қамтамасыз етілуі керек.
«Құрметті ата-аналар! Балаларға үйде, көшеде және интернетте қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызын түсіндіріп, сақ болуды ескертіңіздер», – деп үндеу жасады министрлік өкілдері.
Осылайша, күзгі демалыс кезінде ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөліп, түрлі жағдайларда өзін қалай ұстау керектігін еске салу ұсынылады.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда қосымша білім беретін шамамен 2,9 мың ұйым жұмыс істейді. Өнер және музыка мектептері, оқушылар сарайлары, спорт мектептері мен шығармашылық орталықтары балаларға өз қызығушылығына қарай қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді.