Republic Day және Bereke Fest акцияларында тауарлар 50% дейін арзандады

27 қазанға дейін өтетін бұл акцияларға еліміз бойынша 232 сауда орталығы мен 417 сауда желісі қатысып жатыр

Republic Day және Bereke Fest акцияларында тауарлар 50% дейін арзандады
Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстанда Республика күніне орай өтіп жатқан «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары аясында тұтынушылар тауар түріне байланысты 29%-дан 50% дейін қаражат үнемдей алады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі өңірлердегі бағаға талдау жасай отырып, тұтынушылардың негізгі тауар санаттары бойынша үнемдеу мөлшерін есептеп шықты.

Еліміздің сауда орталықтары мен желілерінде азық-түлік, тұрмыстық химия және маусымдық киімдерге жеңілдік жасалды. Астанада күнбағыс майы, макарон мен 30 дана жұмыртқадан тұратын азық-түлік жиынтығының бағасы 3 982 теңгеден 2 837 теңгеге дейін төмендеп, тұтынушылар 1 145 теңге немесе 29% үнемдей алады. Сондай-ақ кір жуғыш ұнтақ, гель, ыдыс жууға арналған құрал мен сабынның жалпы құны 23 750 теңгеден 15 136 теңгеге түсіп, жеңілдік 36% құрады. Алматыда күзгі күртеше, джинсы, жемпір, худи және балалар спорт костюмінен тұратын киім жиынтығының бағасы 119 950 теңгеден 74 700 теңгеге дейін арзандады. Бұл 45 250 теңге немесе 38% үнемдеуге мүмкіндік береді.

Шымкент, Атырау, Қарағанды, ШҚО және өзге де облыстарда киім-кешек, тұрмыстық техника мен құрылыс материалдарына 50% дейін жеңілдіктер ұсынылуда.

Еске сала кетейік, 27 қазанға дейін өтетін бұл акцияларға еліміз бойынша 232 сауда орталығы мен 417 сауда желісі қатысып жатыр.