Әлемнің әр түкпірінде ұсталған қазақстандықтар: олар қандай ісі үшін жазықты болды

Автор: Асыл Арман

Оларға есірткі тасымалдады, диверсия жасады, заңсыз жұмыс істеді деген сияқты айыптар тағылған

Фото: istockphoto.com

Жыл басынан бері әлемнің бірқатар елінде Қазақстан азаматтары түрлі заң бұзғаны үшін күдікті ретінде ұсталды. Оларға есірткі тасымалдады, диверсия жасады, заңсыз жұмыс істеді деген сияқты айыптар тағылған. Azattyq Rýhy тілшісі шетелде болған осындай оқиғаларға шолу жасап, елең еткізген жайттарды топтастырды.

Қырғызстанда есірткімен ұсталды. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті ел аумағына синтетикалық есірткі тасып жүр деген күдікпен Қазақстан азаматын ұстады. Қолға түскен отандасымызды тінту барысында 5 килограмм «альфа-PVP» синтетикалық есірткісі табылған. Оқиға биыл ақпан айының басында болды. Қырғыз Республикасының заңнамасына сәйкес, мұндай ірі көлемде есірткімен ұсталғандарға 15 жылға жаза беріледі.

АҚШ-тағы арнайы операция. АҚШ-тың иммиграция және кеден қызметі (ICE) 2026 жылдың 5 маусымында федералды серіктестердің қолдауымен арнайы операция өткізіп, оның барысында Қазақстан азаматын қолға түсірді. Отандасымызды терроризмге қатысы бар деген күдікпен ұстағаны және оны елден депортациялау туралы шешім қабылданғаны хабарланды. Айта кетерлігі, оның депортациялануы туралы шешім 2025 жылдың жазында шыққан. Алайда ол сот отырысына келмеген.

Таиландта заңсыз жұмыс істеген. Пхукет аралындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде заңсыз жұмыс істеген бірнеше әйел ұсталды. Олардың арасында Қазақстан азаматы бар болып шықты. Отандасымызға қатысты сот отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша Қазақстанға депортацияланатын болды.

Балиде жезөкшелікпен айналысқан. Биыл 17 қыркүйек күні Индонезияның Бали аралында туристерге интимдік қызмет көрсетті деген күдікпен көші-қон қызметі 13 шетел азаматын қолға түсірген. Олардың арасында біреуі Қазақстан азаматы болып шықты. Арнайы операция туристер арасында танымал Чангу, Семиньяк және Умалас аудандарында өткен. Олардың бәріне Индонезияның 2011 жылғы көші-қон заңын бұзды деген айып тағылды.

Грузиядағы жағдай. Еуропа арқылы Грузияға жүк тасымалдап бара жатқан отандасымызды Грузияның полициясы қамауға алған. Оған заңсыз есірткі сатып алып, оны сақтады деген айып тағылған. Жуырда осы оқиғаға қатысты агенттік тілшісі Грузия түрмесінде отырған отандасымыздың жұбайымен тілдесіп, жағдайдың анық-қанығын анықтаған. Ол өз сөзінде күйеуінің 16 жылға сотталып кеткені туралы хабарлағанымен, соттың үкімі туралы ешқандай қағаз бермегенін, оның орнына жаза мерзімін қысқарту үшін 30 млн теңге сұрағанын айтты. Редакция жерлесіміздің басына түскен қиындығына байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстанның Грузиядағы Консулдығына және авдокаттарға тиісті сұрау салып жатыр.

Ресейдегі оқиға. Ленинград облысында диверсия жасады деген күдікпен екі қазақстандық ұсталды. Оларға топ болып диверсия жасады деген айып тағылды. Көршілес елдің заңнамасына сәйкес, оларға тағылған бұл айып дәлелденсе, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілмек.

Тағы да Грузия. Бұл елдің Имеретия өңірінде есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен 18 жастағы Қазақстан азаматы ұсталды. Олар аса ірі көлемде метадон есірткісін сақтап, оны ары қарай сатпақ болды деген күдікпен қамалды. Мұндай ірі көлемде есірткімен ұсталғандарға Грузия заңнамасына сәйкес, 20 жылға немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Оңтүстік Кореядағы оқиға. Жуырда Кореяның Ичхон қаласында Қазақстан азаматының ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Өкінішке қарай, бұл мәліметті Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми түрде растап, қажетті көмек көрсетіліп жатқанын мәлім етті. Ведомствоның мәліметіне сүйенсек, отандасымызға бөтеннің мүлкін бүлдіру, көші-қон режимін сақтамау және көлік жүргізу ережесін бұзғаны жөнінде айып тағылып отыр.