Таиландта қазақстандық әйел заңсыз жұмыс істегені үшін ұсталды – БАҚ

Ол және өзге елдердің тағы бес азаматы еліне депортацияланады

Таиландта қазақстандық әйел заңсыз жұмыс істегені үшін ұсталды – БАҚ
Фото: istockphoto.com

Таиландтың Пхукет курорттық аралындағы жекеменшік балабақшада заңсыз жұмыс істеген бірнеше әйел ұсталды. Олардың арасында Қазақстан азаматы да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы ТАСС Таиланд полициясындағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.

«Сәрсенбі күні Litti Kids халықаралық балабақшасында жүргізілген рейд барысында Ресейдің төрт азаматы, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ-тың бір-бір азаматшасы ұсталды. Олардың барлығына еңбек етуге рұқсатсыз жұмыс істеді деген айып тағылды», – деді полиция өкілі.

Басылым мәліметінше, сот отырысы өтіп, оның шешімімен ұсталған әйелдер өз елдеріне депортацияланатын болды.

Пхукет полициясының хабарлауынша, Litti Kids халықаралық балабақшасы орыс тілінде сөйлейтін балаларға бағытталған. Қазір мекеме жабылған. Соңғы күндері Таиланд полициясы Пхукетте заңсыз бизнес пен корольдіктің еңбек заңнамасын бұзу деректерін анықтау мақсатында рейдтер жүргізіп жатыр.

Таиланд заңнамасына сәйкес, шетел азаматтарының еңбек заңнамасын бұзуы 100 мың батқа дейін (3 мың доллар) айыппұл салуға, бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға және/немесе елден депортациялауға әкелуі мүмкін.

Корольдікте жұмыс істегісі келетін шетелдіктер тиісті виза мен жұмыс істеуге рұқсат алуы қажет.