Грузияда 18 жастағы қазақстандық есірткімен ұсталды
Имеретияда ұсталған жас күдіктілерге аса ірі көлемдегі метадон айналымы бойынша айып тағылды
Грузияның Имеретия өңірінде есірткіге қатысты күдікпен Қазақстан мен Украина азаматтары ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алдын ала деректерге сәйкес, 2008 жылы туған жігіт пен қыз есірткіні заңсыз сатып алу, сақтау және ірі әрі аса ірі көлемде сату деректері бойынша күдікке ілінген. Олар әртүрлі уақытта қолға түскен.
Грузия Ішкі істер министрлігі мәліметінше, тергеу барысында күдіктілердің аса ірі көлемдегі метадонды заңсыз сақтап, оны өткізуге қатысы бары анықталған. Тінту кезінде олардың уақытша тұрып жатқан орындарынан есірткі заттары тәркіленген.
Сонымен қатар тергеу эксперименті барысында күдіктілер метадонды жасырып қойған орындарды көрсеткен. Полиция есірткіні өлшеуге және буып-түюге арналған құралдарды да айғақ ретінде алған. Ведомство күдіктілерді ұстау сәті түсірілген видеоны жариялаған.
Аталған дерек бойынша Грузия Қылмыстық кодексінің 260 және 260 (4) баптары бойынша іс қозғалды. Бұл баптар 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.