Астанада тапсырыс беру орталығының қызметкері 14,9 млн теңгенің тауарларын ұрлаған

Ол осы қылмысы үшін 5 жылға сотталып кетті

Астанада тапсырыс беру орталығының қызметкері 14,9 млн теңгенің тауарларын ұрлаған
Фото: istockphoto.com

Астанада тауарларды беру пунктінде жұмыс істейтін 19 жастағы қызметкер 14,9 млн теңгенің тапсырыстарын ұрлағаны әшкереленді. Ол осы қылмысы үшін 5 жылға сотталып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Белгілі болғандай, жас жігіт маркетплейс қосымшасы арқылы түрлі тауарларға, атап айтқанда, алтын бұйымдарға, киім-кешекке, азық-түлікке және басқа да тауарларға тапсырыс берген. Келген тауарларды білдірмей ұрлап отырған. Ал оның орнына басқа заттарды қайтарып немесе ауыстырып келген.

Мысалға, ол құны 182 мың теңге болатын алтын сырғаларға тапсырыс беріп, оларды әшекей бұйымдарға ауыстырып, артынша сатушыға қайтарып жіберген.

«Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін толық дәлелдеді. Сот үкімімен оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушіге келген залалды өтеуі керек. Сот үкімі заңды күшіне енді», – делінген прокуратураның хабарламасында.