Тоқаев жұмыс кестесін өзгерткен: Бельгияның королі мен патшайымының сапарында қандай мәселелер қаралды

Бельгияның королі мен патшайымы Астанаға 11 қазан күні келді

Тоқаев жұмыс кестесін өзгерткен: Бельгияның королі мен патшайымының сапарында қандай мәселелер қаралды
Фото: Ақорда

Қазақстанға алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Бельгияның королі Филипп пен патшайымы Матильданың бүгін соңғы күні. Осы күндері президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге олар Астанада қандай іс-шаралар өткізіп, қай орындарды аралады? Azattyq Rýhy тілшісі осы сапарда өткен маңызды іс-шараларға шағын шолу жасап өтті.

Бельгияның королі мен патшайымы Астанаға өткен жексенбі күні, яғни 11 қазан күні кешкі уақытта келді. Оларды әуежайдан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі күтіп алды. Олар мінген бортты Қазақстанның Әскери әуе күштерінің ұшақтары ел аумағына енген сәттен қарсы алып, Астанаға дейін қапталдаса ұшты.

«Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін Сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін», – деді Король Филипп.

Ақордада көрсетілген құрмет

Ертеңінде Ақордада алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Бельгияның королі мен патшайымын ресми түрде қарсы алу рәсімі өтті. Ары қарай қос тарап шағын құрамда келіссөз жүргізіп, бірқатар саладағы ынтымақтастықты талқылады.

«Сізді Астанада қарсы алғаныма қуаныштымын. Бұл – мен үшін зор мәртебе. Тарихи сапарыңыз жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырды. Қазақстанға келген делегация құрамына Үкімет пен аймақтық билік, іскерлік топтар, академиялық қауымдастық және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері енген. Сіз тақ мұрагері ретінде Қазақстанға үш мәрте келген едіңіз. Елімізбен қарым-қатынасты дамыту жөніндегі ниетіңізді жоғары бағалаймыз. Сіздің қолдауыңызды әрдайым сезінеміз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Король Филипп Қазақстанның бай тарихымен және мәдениетімен жақын танысуға ниетті екенін жеткізді

«Астана мен Алматының көрікті жерлері мен музейлерін аралап, Алтын Орда дәуірінен тамыр тартатын тарихпен тіл қатысуға асықпын. Бельгия делегациясымен бірге Абай шығармаларында айрықша суреттелген, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін паш ететін табиғи және мәдени қазынамен танысуға құштармыз. Қазақ елі қонақжайлығымен мәшһүр. Елдеріңіз қоғамның ынтымақ-бірлігін өз ішінде ғана емес, аймақтық және халықаралық деңгейде нығайтуға белсенді түрде үлес қосып келеді. Осы бағытта Қазақстан әрдайым маңызды рөл атқарады», – деді ол.

Тоқаев жұмыс кестесін өзгертті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияның королі мен патшайымының ресми сапары үшін жұмыс кестесіне өзгеріс енгізді.

«Президент мырза, бізбен бірге жүру үшін жұмыс кестеңізді өзгерткеніңізді білемін. Осы ықыласыңызға тәнтіміз. Сондықтан алтын уақытыңызды бөліп, құрмет көрсеткеніңізді жоғары бағалаймыз», – деді король Филипп.

Ұлттық балаларды оңалту орталығы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 12 қазан күні кешкі уақытта король Филипп пен патшайым Матильданы ертіп, Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығын аралап көрді.

Бельгиядан келген мәртебелі меймандарға ерекше қажеттіліктері бар балалардың коммуникативтік дағдыларын, таным-түйсігін және өз бетінше әрекет ету қабілетін шыңдауға бағытталған медициналық, психологиялық-педагогикалық оңалтудың және әлеуметтік бейімдеудің заманауи әдістері туралы түсіндірілді.

Ұлттық музейді аралап шықты

Ертеңінде президент король мен патшайымды ертіп, Ұлттық музейді аралап шықты. Мұнда археологиялық қазбалар, ежелгі зергерлік өнер үлгілері, соның ішінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен Берел, Талды-2, Тақсай, Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар қойылған Алтын залына ерекше назар аударылды.

Сөз басында айтылғандай, Бельгияның королі мен патшайымы қазақ халқының мәдениетімен, рухани мұрасымен етене танысқысы келді.

Ал ары қарай шетел басшылары елімізге сыйға тартқан асыл тұқымды арғымақтарды тамашалады.

Іскерлік кеңес. 13 қазан күні Қазақстан мен Бельгия арасында іскерлік кеңестің төртінші отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Қазақстан экономикасындағы 10 ірі инвестордың бірі екенін айтты. Соңғы жиырма жылда бельгиялық компаниялар экономикамызға 15 миллиард доллардан астам қаржы құйған.

Сонымен қатар, бұл жиында екі ел арасында түрлі салалардағы қарым-қатынас талқыланды.

Іскерлік кеңестен кейін президент король мен патшайымға Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының жұмысын көрсетті. Оларға музей экспозициясы, роботты техника аймағы және ЖИ-кинотеатр мүмкіндіктері таныстырылды.

Ректорлар форумы. ЖИ орталығын аралап шыққаннан кейін мұнда Қазақстан мен Бельгия жоғары оқу орындары жетекшілері бас қосқан іс-шара өтті. Бұл отырыста жасанды интеллект технологиялары жоғары білім мен заманауи ғылым саласына қандай өзгеріс әкелетіні жайлы толықтай талқыланды.