МӘМС жарналары қымбаттай ма? Министр жауап берді

Қаржы министрлігі әзірге жарналарды көтеруді жоспарламайды, қордың қаржылық тұрақтылығы 2040 жылға дейін есептеліп жатыр

МӘМС жарналары қымбаттай ма? Министр жауап берді
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Қаржы министрі Мәди Тәкиев МӘМС жарналарының көтерілу-көтерілмейтіні және жүйенің қаржылық тұрақтылығы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Журналистер министрден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қаржылық тұрақтылығы қаншалықты қамтамасыз етілгенін және алдағы жылдары жарналарды көтеру жоспарланып отырғанын сұрады.

«Әзірге ондай жоспар жоқ. Дегенмен, біз үнемі өзекті есептеулер жүргізіп отырамыз. Қазір қордың тұрақтылығын бағалау және оның қаражатты қалай жинақтай алатынын анықтау үшін 2040 жылға дейінгі математикалық есептеулер жүргізіп жатырмыз. Бұл ретте заңды тұлғалар төлейтін жарналар, жеке тұлғалардың аударымдары және мемлекет жарна төлейтін азаматтар санаты ескеріледі. Өздеріңіз білесіздер, мемлекет жарна төлейтін 14 санат бар. Жалпы, қазіргі уақытта қор қаржылық тұрғыдан тұрақты. Сондықтан әзірге жарна мөлшерлемелерін көтеру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Алайда есептеулер жалғасып жатыр», – деп жауап берді Мәди Тәкиев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында. 

Сондай-ақ журналистер МӘМС пакетін кеңейту, оның ішінде стоматологиялық емдеуді сақтандыру жүйесіне қосу мүмкіндігі туралы сұрады. Министрдің айтуынша, бұл мәселе әзірге қарастырылмаған.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандықтар келер жылдан бастап емханаға алғаш жүгінгенде тегін қарала алатыны айтылды.