«Қалада кептеліс азаяды»: Шымкентте жаңа жолайрық ашылды
Жолайрықтың ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты
Шымкент қаласындағы Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысында жаңа жол-көлік айырығы ашылды. Нысанның іске қосылуы көлік қозғалысы тығыз учаскелердің біріндегі жағдайды жақсартып, жүргізушілердің қатынауын жеңілдетуге бағытталған. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әкімдіктің мәліметінше, аталған жолайрықты салу туралы тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың соңына қарай берген. Президент мегаполистің көлік инфрақұрылымын дамыту және қаладағы жол желісін кеңейту қажеттігін атап өткен болатын.
Қала әкімдігінің хабарлауынша, қазіргі уақытта эстакада арқылы көлік қозғалысы ашылды. Нысанда негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, жол белгілері орнатылып, жол таңбалары салынған. Жолайрықтың іске қосылуы осы бағыттағы көлік ағынын реттеуге және қиылыстағы қозғалысты ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
«Бүгін эстакада арқылы көлік қозғалысы іске қосылды. Қазіргі таңда мұнда негізгі құрылыс аяқталып, жол белгілері мен таңбалары салынды. Эстакаданың ашылуы қаланың көлік қозғалысы тығыз учаскелерінің бірінде жол қозғалысын реттеуге бағытталған жобаны іске асырудағы маңызды кезең болды», – деп хабарлады Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жолайрықтың ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Ғабит Сыздықбеков көлік инфрақұрылымы қаланың өсу қарқынына және тұрғындардың қажеттілігіне сай дамуы керектігін атап өтті. Әкімдіктің мәліметінше, мұндай заманауи көлік шешімдері кептелісті азайтуға, жол жүру уақытын қысқартуға және қаланың әртүрлі аудандары арасындағы байланысты жақсартуға бағытталған.
Дегенмен нысандағы барлық жұмыс толық аяқталған жоқ. Қазір жолайрықтың төменгі деңгейінде айналма қозғалысты ұйымдастыру, оң жақ өткел тармақтарын салу және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар жолайрыққа іргелес аумақты абаттандыру жоспарланған. Қала әкімдігінің мәліметінше, құрылыс пен абаттандыруға қатысты қалған жұмыстарды жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
«Қазір жолайырықтың төменгі деңгейінде айналма қозғалысты және оң жақ өткел тармақтарын, сондай-ақ, жерасты жаяу жүргіншілер өткелдері жөнделіп жатын. Іргелес аумақты абаттандыруды қоса алғанда барлық жұмысты жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жобаның жүзеге асырылуы осы учаскедегі жол қозғалысын жетілдіруге, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», – деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Жоба толық іске асқаннан кейін Бәйдібек би даңғылы мен Төлеметов көшесінің қиылысындағы көлік қозғалысын жақсартуға, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік туады деп күтіледі. Ал жолайрықтың кептеліске қаншалықты әсер ететіні көлік ағынының өзгеруіне және қалған жұмыстардың аяқталуына байланысты болады.