Астанада тоғыз қабатты үй өртенді: 17 адам құтқарылды
11 сағат 29 минутта өрт толығымен жойылған
Елорданың Есіл ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде өрт шығып, ТЖМ құтқарушылары 4 баланы қосқанда 17 адамды қауіпсіз жерге шығарды. Сауран көшесінде орналасқан тоғыз қабатты үйдің бірінші қабатындағы ателье бөлмесі өртенген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ алғашқы бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде бірінші қабаттағы бөлмеден ашық жалын шығып, ғимарат ішін қою түтін басқан. Құтқарушылар бірден өртті оқшаулау мен тұрғындарды эвакуациялауға кірісті.
Нақтыланған мәлімет бойынша, бірінші қабаттағы ательеде шыққан өрт 50 шаршы метр аумақты шарпыған. Тұрғындарды құтқару үшін оқиға орнына автосаты мен үш буынды саты жұмылдырылып, ТЖМ қызметкерлері 4 бала бар 17 адамды эвакуациялады.
«11 сағат 29 минутта өрт толығымен жойылды, зардап шеккендер жоқ. Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінен 6 бірлік техника, 24 адам жеке құрам жұмылдырылды», – деп хабарлады Астана қаласы ТЖД ӨСКҚ жедел кезекшісінің орынбасары Әділхан Болатов.