Депутаттар медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан талқылады
Құрылтай депутаты Дана Медеуованың бастамасымен «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі – ұлттық қауіпсіздіктің факторы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиынға Құрылтай депутаттарымен қатар Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой, вице-министрлер, құзыретті мемлекеттік органдардың, медициналық ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, сарапшылық және кәсіби қоғамдастықтың өкілдері қатысты.

Талқылау барысында медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету, олардың кәсіби мәртебесі мен беделін арттыру, сондай-ақ денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

«Осы аптада жарияланған депутаттық сауалда біз дәрігердің кәсіби мәртебесін биологиялық және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі ретінде көтердік. Бүгін осы мәселеге қатысты мемлекеттік органдардың, медициналық ұйымдардың, жоғары оқу орындары мен кәсіби қоғамдастықтың ұстанымдарын тыңдадық. Заң жобасын әзірлеу барысында барлық сындарлы ұсыныс ескерілетін болады. Біз үшін қабылданатын шешімдердің іс жүзінде тиімді жұмыс істеуі маңызды», – деді Дана Медеуова.

Құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдері депутаттық бастаманы қолдайтындарын білдірді.

Пікірталас барысында заң жобасының негізгі ережелері, сондай-ақ оларды одан әрі практикалық іске асыру тетіктері бойынша жан-жақты пікір алмасу өтті.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша айтылған ұсыныстар мен ұсынымдар жинақталып, заң жобасын одан әрі жетілдіру барысында назарға алынатын болады.
